Баталов төтенше жағдай режимін бұзды ма?
Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы Куаныш Саматович Ожаров облыс әкімі Амандық Баталовтың жол саласы ардагерін құттықтап, иығына шапан жапқанын Фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
Жазбада былай дейді: «Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов облыс әкімдігі ғимаратында жол саласының ардагері, Талдықорған қаласының құрметті азаматы Леонид Васильевич Михноны 70 жасымен құттықтады.
– Өзіңізбен бірге талай жыл қатар қызмет істедік, қалай тынымсыз еңбек еткеніңізді көзіміз көрді. Жол саласындағы ең тәжірибелі, алдыңғы қатардағы мықты мамансыз, еліміздің патриотысыз. Сіздің облыстың, Талдықорған қаласының көліктік инфрақұрылымын дамытудағы үлесіңіз зор. Мол тәжірибеңіз, өмір жолыңыз бәрімізге үлгі, әсіресе, жастарға берері мол. 70 жасыңызбен құттықтап, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді А.Баталов.
Облыс басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырды».
Леонид Михноның облысқа сіңірген еңбегіне шүбә келтірмейміз. Құттықтауларға да шектеу жоқ. Алайда төтенше жағдай кезінде жиын-тойларды тоқтатуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі пәрмен берді емес пе? Оның үстіне жуырда Алматы облысы аумағында карантин жарияланды. Мерейтой иесінің иығына шапан жабу, сол үшін әкімдікке бірнеше адамды жинау мемлекеттік маңызы бар шаруа емес. Мұны көрген жұрт «емін-еркін жүріп тұруға болады екен» деп ойламасына кім кепіл? Оның үстіне облыс әкімі Амандық Баталовтың маскасы жоқ.
Nege.kz тілшісі әкімнің баспасөз қызметіне хабарласып, пікір алды.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы:
– Әкім аппаратының 70 пайызын қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырдық. Басшылар ғана жұмыста, мамандардың бәрі үйлерінде. Еңбек ардагерін марапаттаудан ешқандай тәртіп бұзушылық көріп тұрған жоқпын. Өйткені марапаттау қоғамдық орында емес, жабық ғимаратта өтті. Ғимарат күніне екі рет зарарсыздандырылады. Антисептик міндетті түрде болады. Тек облыс әкімі ғана маскасын шешкен екен.
Суретте: облыс әкімі, ардагер, жалпы бөлімнің басшысы, әкімнің көмекшісі, аппарат басшысы және мәслихат хатшысы. Біздің талап – қоғамдық орында жиналмау.