Басқа мемлекеттер ақпарат кеңістігін бөтенге бермейді – Серік Жанболат
«Қазақ Медиа Ассоциациясы» ЗТжЖКБ ұйымдастыруымен және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» атты дөңгелек үстелде журналист Серік Жанболат ақпараттық саясат туралы пікір білдірді.
Алматы, NEGE. Журналист Серік Жанболат ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты пікірін білдірді. «Ақпараттық майданда соғыс болып жатыр. Ақпараттық саясатқа бәріміз қатысуымыз керек. Ресейдің ақпарат тасқынынан құтылу үшін там-тұмдап әрекет жасалады. Бірақ басталған іс соңына жетпейді. Тәуелсіз ақпарат жүйесін құрамыз десек, соған сай саясат жүргізілуі керек» дейді. Оның айтуынша, басқа мемлекеттер заң бойынша ақпарат кеңістігін бөтенге бермейді.
Мәселен, Ресейде шетелдіктер ақпарат құралының 20 пайыздық акциясына ғана ие бола алады. Бізде ше? Ресейдің іргелі басылымдары, қосымшалары елімізде де шығады. Оларда не жарияланып жатыр? Кім қадағалап жатыр? Ақпарат кеңістігін қорғау үшін министрлік қана емес, үкімет қолға алу керек», – деді.
Сондай-ақ, ол: "Ақпараттық майданды бақылап жүрмін. Қанатты сөзді газеттен алады. Әлеуметтік желіге де қатты көңіл бөлу керек. Акпараттық саясаттың өзегіне айналуы тиіс пе, жоқ па? Егер иә десек, оны қауіпсіздік деңгейінде тіркеу керек сияқты", – деп түйіндеді пікірін.