Бас прокурор Самат Әбіштің не себепті қамауға алынбағанын түсіндірді
Қазақстанның Бас прокуроры қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық басшылық құрамы тұтқындалғанына қарамастан не себепті тек Тұңғыш президенттің немере інісі Самат Әбіштің ұсталмағанын түсіндірді.
Алматы, NEGE. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журалистер бас прокурордан ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Кәрім Мсімов пен оның үш орынбасары ұсталса да, тағы бір орынбасары Самат Әбіштің қамауға алынбауының себебін сұрады.
"Қазіргі кезде Самат Әбішке қатысты ешқандай дәлел жоқ. Кәрім Мәсімов қамауға алынды. Оған Қылмыстық кодекстің сан алуан бабы бойынша айып тағылып отыр", - дейді Берік Асылов.
Айта кетсек, қаңтар оқиғаларынан кейін Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ұсталғаны туралы ақпарат тарап кеткен болатын. Алайда ұлттық қауіпсіздік комитеті ол мәліметті жоққа шығарды. Артынан 13 қаңтардан бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шыққаны туралы мәлімет таратылды.
Ал 17 қаңтарда комитеттің ресми сайтында Әбіштің төрағаның орынбасары қызметінен босатылғанын туралы хабарлама жарияланды.