Бас прокуратура неге саспай отыр?

Жаңа ғасырдың басында «киберқауіпсіздік» атты ұғым пайда болған-ды. Ол кезеңде өзектілігі әлсіз, тым түсініксіз болып көрінген. Жаһан ширек ғасырға жақындаған сайын ең сұранысқа ие саланың біріне айналып жатыр.

Алматы, NEGE. Күні кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ведомстволардың және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен арнайы жиын өткізді. Шыны керек біз сөз еткелі отырған ақпараттық қауіпсіздік мәселесі осында талқыға түсті.

Қазақстан азаматтарының бұл саладағы сауаттылығы ауыз толтырып айтарлықтай емес. Өйткені елдегі Бас прокуратураның өзі бей-жай қарағасын басқалардан не сұраймыз?!

Тоқаев өткізген жиыннан көп өтпей-ақ, кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығы «Бас прокуратураның құпия деректері ұрланды» деп хабарлады. Мемлекеттік мекемелерге шеттен кибер шабуыл жасалатыны бесенеден белгілі. Бір қызығы, Бас прокуратура оған төтеп берер еш шара қолданбаған. Яғни, киберқауіпсіздік дегенді талақ еткенге ұқсайды. 

Мамандардың айтуынша, қадағалау органының ақпараттық жүйесі бірнеше айдан бері қандай да бір қорғауға алынбай келеді. Сәйкесінше әкімшілік іс жүргізілген қазақстандық немесе шетелдік азаматтарға қатысты мәліметтер қолды болып жатыр.

Бұл дегеніміз өзің жайлы бар мәліметті қаскөйлердің қолына ұстатумен тең.

«Жүйедегі олқылық салдарынан құқық бұзушылар төлеген айыппұлдар, ескертулер, тұрғылықты мекен-жайлар, суреттер, автокөлік және жеке сәйкестендіру нөмірлері киберқылмыскерлердің құрығына іліккен», – дейді мамандар.

Ал прокуратура орталық мамандарының дабылына әзірге үн қатпай отыр. 

Қазір оқып жатыр

«Қар жеп аман қалды»: Аяғы сынған малшы 5 күн далада түнеген

Дастан Сәтбаев «Челсидің» ұсынысымен ұлттық құрамадан шеттетілді

Ер адам Алматы-Өскемен тасжолында жантүршігерлік жол апатынан аман қалды

Шахтинскіде газ баллоны жарылып, 8 адам зардап шекті