Бас әскери прокуратура Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты істің мән-жайын айтты

Қазақстанның Бас әскери прокуратурасы Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты істің мән-жайын айтты.

Алматы, NEGE. 11 ақпанға қараған түні Алматыда әл-Фараби даңғылында, ойын-сауық орындарының бірінің маңында ҚР Қорғаныс министрлігі 30212 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі, демалыста жүрген қатардағы жауынгер Н.Д. Болат пен азамат О. Чернов арасында жанжал шықты.

"Қақтығыс кезінде Болат Чернов пен оның әйелі А.Черноваға бірнеше соққы жасаған. Осы факті бойынша 11 ақпанда Алматы қалалық ІІД Бостандық аудандық полиция бөлімі Болатқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-баптың 1-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеуді тіркеді".ҚР Бас әскери прокуратурасы

Артынша департаментте нақтыланғандай, "Болаттың әскери адам екенін ескере отырып, қылмыстық іс сот қарауына Алматы облыстық гарнизонының Әскери полиция басқармасына берілді".

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында сот-медицина сараптамасын тағайындап, қадағалаушы прокурор оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға жазбаша нұсқау берді".ҚР Бас әскери прокуратурасы

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге мәлімет жариялауға ​​жатпайды.