12 ноября 2025 г. 16:10

Қазақстандықтар интернеттен өзі туралы ақпаратты өшіруді талап ете алады

Фото: ortcom.kz

Қазақстандықтарға интернеттен өздері туралы ақпаратты өшіру мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы Мәжілісте Цифрлық кодекс жобасын талқылау кезінде айтылды.

Астана, NEGE. Талқылау барысында мәжіліс депутаты Наталья Дементьева кодексте алғаш рет адамның цифрлық құқықтары ұғымы енгізіліп отырғанын айтты. Осы құқықтардың арасында «цифрлық ұмытылу құқығы» да бар, яғни, өзің туралы ақпаратты әртүрлі деректер базасынан жою мүмкіндігі.

Депутат Дементьева жылдар бойы жиналған деректердің мемлекеттік базалар мен жеке сервистерден қалай өшірілетінін сұрады.  

Кодекс жобасын таныстырған және оны әзірлеушілердің бірі депутат Екатерина Смышляева «цифрлық ұмытылу құқығын» толық іске асыру мүмкін еместігін айтты. Себебі цифрлық ізді барлық жерден өшіру мүмкін емес. 

«Бұл ең қиын техникалық операция, сондай-ақ деректерді анонимизациялау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, яғни пайдаланушыны анықтайтын ақпарат өшіріледі. Сонымен қатар, бұл құқық деректердің айналымын тоқтатуды, яғни оларға қол жеткізуді шектеуді де қамтиды. Қол жеткізуді тоқтату - практикада ең жиі қойылатын талап және оны орындау мүмкін», - деді Смышляева.

Оның айтуынша, ұмытылу құқығы қылмыстық, тергеуге байланысты мемлекеттік органдардың заң бойынша сақтауға міндетті деректеріне қолданылмайды. Сондай-ақ, бұл құқық қоғамдық мүддеге қатысты деректерге де қатысы жоқ. 

Депутат осы деректерді есептемегенде, азаматтар өз деректеріне қолжетімділікті шектеуді немесе оларды өшіруді талап ете алатынын айтты.