«Банктердің қызметкерлері қатысқан»: онлайн-казиноларға 600 млрд теңге заңсыз аударылған
Онлайн-казинолардың пайдасына Қазақстаннан заңсыз жолмен 600 млрд теңге шығарылған.
Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігі елімізде трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасы әшкереленгенін хабарлады. Ақша төлем ұйымдары арқылы өткізіліп, заңды операциялар ретінде жасырынып, онлайн-казиноның пайдасына шығарылған.
«Схеманы іске асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған шарттар негізінде алынған «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID қолданған. Қазіргі уақытта заңсыз операциялардың анықталған көлемі 600 млрд теңгеден асады», — делінген ҚМА хабарламасында.
Заңсыз әрекетке 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылыпты.
Бұған қоса, агенттік мәліметінше, төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі тоқтатылған. Ол орталықтың заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған.
«Бұдан бөлек, Call-орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығару операцияларын жүзеге асырған гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 млн доллардан асып түсті.
Бұл іс-шараларды іске асыру барысында 70-тен астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер тәркіленді», — деп хабарлады ҚМА өкілі.
Сот санкциясымен тоғыз тұлғаға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Олардың ішінде «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі бар. Сегіз адамды халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалуда, арасында шетел азаматтары да бар.