Қазақстандық банктер исламдық өнімдерді ұсынуы мүмкін
Қазақстандық банктерге исламдық банк операцияларын жүргізу құқығы берілуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты.
Астана, NEGE. Аталған норма «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасында таныстырылды.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қаржыландыруды жүзеге асыру үшін банктерге бөлек лицензия алудың қажеті жоқ. Тек банк ішінен «исламдық бөлімше» ашу арқылы жұмыс істеуге болады.
«Аталған нормалар банктерге жеке банк құрмай, өз жүйесінде арнайы бөлімшелер құру арқылы ислам өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Қаржыландырудың балама тетіктерін дамыту үшін әмбебап банктерге қолда бар лицензия аясында исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығын беру көзделеді», – деді Мәжіліс отырысында агенттік төрағасы.
Тиісті норма енгізілсе, банктердегі «исламдық бөлімшелерде» барлық өнім мен қызметті шариғат кеңесі қадағалайды.