Банкроттық – қарыздан құтылудың оңай жолы емес
2023 жылғы наурызда күшіне енген «Банкроттық туралы» заңға сәйкес азаматтар өздерін банкрот деп тануға өтінімдер беріп, қыркүйек айынан бастап банкрот деп таныла бастады.
Алматы, NEGE. Алғашқы банкроттық туралы деректерге сүйенетін болсақ, өтініш берушілердің қарыз сомасы мен оны алу шарттары әртүрлі. Кейбір азаматтар 3-4 миллион теңгені бірнеше кредиторлардан, енді бірі шағын соманы басқа ұйымнан алғандығын байқауға болады. Өкінішке қарай, көптеген қазақстандықтар банкроттық рәсімін амнистия және қарыздан құтылудың оңай тәсілі деп ойлап, оның салдары туралы мүлдем ойланбайды.
Tazalau сервисінің деректеріне сәйкес, соттан тыс банкроттық рәсіміне 65 мыңнан астам қазақстандық өтініш берген. Оның 80 пайызы мақұлданбаған. Себеп – борышкер өтінімді «Банкроттық туралы» заң талаптарына сәйкес толтырмаған немесе қате толтырған. Тағы бір айта кететін жайт, өтініш берушілердің көбі қарызын өтеуге мүмкіндігі болған. Мысалы, берешек сомасы шамамен 100 мың теңгені құрайтын борышкерлер бар. Олар келесі бес жыл ішінде еліміздің қаржылық жүйесінен алшақ болуды және ұзақ мерзім ішінде «банкрот» атағына ие болуды қалаған. Бұған қоса халықтың мұндай қадамға баруын кейбір қаржылық институттардың икемсіздігімен де түсіндіруге болады.
Берешекті сотқа дейін реттеу кезеңінде банктер, микроқаржылық ұйымдар немесе коллекторлық агенттіктер борышкерден берешекті бірден толық немесе оның басым бөлігін төлеуді талап етеді. Әрине, қаржылық қиыншылықтары бар азаматтар аталған талапты бірден орындай алмайды, сол себептен тіпті беделге нұқсан келтірілсе де, шектеулер болса да, банкрот деп танылу жақсы идея болып көрінуі мүмкін.
Еліміздегі осы жайтты пайдаланып, банкроттық рәсім арқылы қарыздан құтылуға көмек көрсетуге уәде беретін делдалдар да пайда болды. Соның нәтижесінде кейбір борышкерлер кредитті әдейі өтемей, банкроттық рәсімнен сәтті өтуге үміттене отырып, «Банкрот болуға көмектесемін», «Қарыз бен кредиттен құтылуға көмек көрсетемін», «Жұмысқа алсақ, кепілдік береміз» деген секілді слогандары бар қызметтерге жүгінеді. Мемлекет тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде мұндай қызметтерді жарнамалауға, спекуляция жасауға тыйым салынуы тиіс.
Ал өзін банкрот деп тануға берген өтінімі мақұлданбаған азаматтар үш айдан кейін қайтадан өтінім бере алады. Қосымша және ең тиімді шешім ретінде борышкерлер қарызды қайта құрылымдау мен оны шағын бөліктермен өтеуді таңдай алады. Мұндай шешім борышкердің әлеуметтік статусына ешқандай нұқсан келтірілмейді және қаржылық институттардың қызметін ары қарай пайдалануға жол береді.