23 сентября 2020 г. 17:15

Банкроттар парады. НЕГЕ «Tengri bank» лицензиясынан айрылатын соңғы банк емес?

Фото:

ҚНРДА «Tengri bankтің» лицензиясын тартып алды. Бірақ тағдыры қыл ұшында тұрған «AsiaCredit Bank» және «Capital Bankті» акционері құтқарады деп сендірді. Ал оған сарапшылар күмәнмен қарайды. Демек, осы екі банктен абай болған жөн.

ҚНРДА төрағасының орынбасары Олег Смоляков «AsiaCredit Bank» пен «Capital Bank» акционерінің 29,3 миллиард теңге қаржы құятынын айтып, банктердің жағдайы жақсаратынын сендіруге тырысты. «Пруденциалды нормативтерге сәйкес келмейтін банктер бар екені рас», – дейді Олег Смоляков. «Біз акционерлер тарапынан осы мәселелердің реттелуін қамтамасыз етуге тиіспіз».

«Бізде осы екі банктің акционерінен 2 қарашаға дейін 29,3 миллиард теңге көлемінде қажетті қаржылық қолдау көрсететіні туралы жазбаша міндеттеме бар»

«AsiaCredit Bank» пен «Capital Bank» акцияларына Орифжан Шадиев иелік етеді. Ол – миллиардер Патох Шодиевтің немере інісі. «Capital Bankті» 2013 жылы қарамағына алса, «AsiaCredit Bankті» 2019 жылы Нұрбол Сұлтаннан сатып алған болатын.

Орифжан Шадиевтің 29,3 миллиард теңге ақша аударатынына еш күмән жоқ. Ол ақша жете ме, мәселе сонда. «Акционердің капиталы 29,3 миллиардқа өссе де, банктер 86,8 миллиардтық міндеттемелердің 35 пайызын жаба алмайды», – деп жазады RiskTakers.

«Екі банктің активтері 122 миллиард теңгеден асады. Ал мерзімі өткен несиелердің үлесі 63,3 пайызды немесе 77,2 миллиард шамасында. Акционер құйған қаржыны ескеріп, банктердің өтімді активтері шамамен 6,5 миллиард деп айтуға болады. Ол банктер берешегінің тек 41,2 пайызын жаба алады»

Сарапшылар олардың тез арада оңалып кететініне күдіктеніп отыр. Бірақ жағдайы мәз болмаса да, лицензиядан жақын арада айрылмайтынына сенімді. «Менің ойымша, ҚНРДА биыл және келесі жылы банктерді жабуға тырыспайтын сияқты. Себебі, қаржы жүйесі онсыз да қатты зардап шекті», – дейді сарапшы Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, бұл ретте оларға мемлекет тарапынан ақшалай қолдау көрсетудің еш қажеті жоқ. Тек қадағалаушы тарапынан МСФО9 талаптарын сәл жұмсартуға болады.

Қалай дегенде де, коронавирус пандемиясы әлсіздерді нарықтан ығыстыра бастады. Бұл өз позициясын сақтап қалған алпауыт ойыншылар үшін одан да ірілене, жондана түсуге мүмкіндік береді.

Тегтер: