Банк және сақтандыру: біз нені білуіміз керек?
Сіз алғыңыз келген несие сомасы мен мерзіміне байланысты банк пен микроқаржы ұйымдары сақтандыруды талап етуі мүмкін. Сақтандырусыз да несие алуға болады. Тек ол жағдайда кредит проценті сіз үшін жоғары болып бекітіледі. Осы тұрғыда сақтандырусыз кредит пен сақтандырылған несиенің артық төлемі шамамен бірдей болып шығуы мүмкін. Ондай жағдайда сақтандыру алған дұрыс. НЕГЕ?
Қазақстанда кредит те мүлік сияқты мұраға қалдырылады. Яғни, егер сіздің ата-анаңызда немесе жақын туысыңызда несие болып, олар өмірден қайтқан жағдайда, банк сот шешімімен сол несиені өтеуді сіздің мойныңызға арта алады. Ал егер жаңағы несиеде борышкер өмірі сақтандырылған болса, онда банкке өтелмеген қарызды сақтандыру компаниясы төлейтін еді.
Банктерде кредитті сақтандырудың екі классикалық түрі бар:
- Борышкер өмірін сақтандыру – аты айтып тұрғандай, қарыз алушының өмірі сақтандырылады. Егер ол несиені өтеп бітпей жатып көз жұмса, онда қалған қарыз сомасын сақтандыру компаниясы өз мойнына алады. Демек, қарыз оның туыстарына өтпейді.
- Күтпеген жағдайдан (жұмыс қабілетін жоғалту, жарақат және т.б.) сақтандыру — егер сіз күтпеген жағдайға байланысты жұмыстан айырылсаңыз,сіздің қалған несиеңізді өтеп береді. Мұны жүзеге асыру үшін жарақат пен мүгедектік фактісі тиісті құжаттармен расталуы керек.
Сақтандыруға қанша төлейміз?
Банк несиелерінің сақтандыру сыйақысы шамамен несиенің негізгі қарызының 0,4-1,5 пайызы аралығында бекітіледі. Оған нақты мөлшеріне несие сомасының көлемі, несие мерзімі, кепілзаттың болуы сынды факторлар әсер етеді. Сақтандыру ақысы әр жыл сайын қайта есептеліп отырады. Себебі уақыт өткен сайын сіздің негізгі қарызыңыз азаяды. Соған қатысты сақтандыру ақысы да азайып отырады.
Былтыр еліміздің сақтандыру нарығының көлемі 1,8 трлн теңгеден асты. Оның басым бөлігін мүлікті ерікті сақтандыру секторы құрайды. Өмірді сақтандыру бойынша жасалған келісімшарттың қаржылай сомасы – 233 млрд теңге, ал күтпеген жағдайда сақтандыру – шамамен 145 млрд теңгені құрады.
Қазақстанның сақтандыру нарығы белсенді дамып келеді. Міндетті сақтандыру сегменті кей кездері шығын көрсетсе де, тұрақтылығын сақтап отыр. Сонымен қатар ерікті сақтандыру өнімдеріне де сұраныс жоғары. Осының ішінде кредит беру кезінде жасалатын сақтандыру көлемі артып келеді.
Банк несиеге қоса сақтандыруды ұсынғанда, шартын мұқият оқып шығыңыз. Несие бойынша сақтандыру заң бойынша міндеттелмеген. Одан бас тартуға болады. Бірақ сақтандырудан бас тартқан адамға несие бермей қоюға банк та құқылы. Ешкім банкті несие бер деп мәжбүрлей алмайды. Оны да ескеріңіз.