Бангладеште су тасқынынан миллиондаған адам босып кетті
Бангладеште бірнеше күн қатарынан жауған жауын тасқынға ұласты. Салдарынан миллиондаған тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.
Алматы, NEGE. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Бангладештің 25 процент жері топан су астында қалған. Аймақтағы өзен мен көлдер арнасынан асып кеткен. Мамандар Джамуна өзенінің суы қауіпті деңгейге жеткенін айтады. Апаттан бір айдың ішінде 135 адам мерт болып, 5 млн жуығы зардап шекті.
Жергілікті тұрғын Мохаммад Ашраф Али: "Су тасқыны ел тұрғындарын әуре-сарсаңға салды. Ислампур ауылы түгел су астында қалды. 30-дан астам баспананы су шайып кетті. Жағдайымыз өте ауыр. Зардап шеккендерге үкіметтен көмек көрсетілу керек. Барар жер, басар тауымыз қалмады. Халықты уақытша баспанамен қамтамасыз ету керек" деді.