Балқашта тұрғын үйдің кіреберісі опырылып түсті
19 ақпанда Балқаш қаласындағы Қараменде би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үй кіреберісінің бір бөлігі құлады.
Астана, NEGE. Әкімдік мәліметінше, бұл кіреберіс бұрын апатты жағдайда деп танылып, бұзу туралы шешім қабылданған. Сондықтан мұнда ешкім тұрмаған, зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылған, электр, жылу, су жүйелері ажыратылған.
«2025 жылы кіреберіс техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты жағдайда болған. 5-кіреберістің тұрғындары алдын ала қоныс аударып, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қойылғанын хабарлаймыз.
Құлау сәтінде қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ», – делінген ресми хабарламада.
Әкімдік өкілдері қазіргі уақытта құлаған кіреберісті демонтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, демонтаждау аяқталғаннан кейін қалған төрт кіреберісте тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізілетінін хабарлады.
Сондай-ақ қалған кіреберістер конструкцияларын күшейту бойынша жұмыстар жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленбек.