Балқаш көліне көлікпен кірген Mercedes-Benz жүргізушісі 10 тәулікке қамалды

Полицейлердің хабарлауынша, оқиға таяуда Балқаш көлінің Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты жағалауында болған. Mercedes-Benz жүргізушісі жас балалар шомылып жүргеніне қарамастан, көлге көлікпен кіріп кеткен.

Видеодан кадр/ІІМ

Астана, NEGE. Көлік тізгініндегі 40 жастағы жүргізуші осы әрекетімен айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

«Құқық бұзушы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Автокөлік айып тұрағына қойылды», – деп хабарлады Алматы облыстық полиция қызметінің ресми өкілі.

ІІМ өкілдері азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрбір дерекке міндетті түрде құқықтық баға берілетінін атап өтті.

Сондай-ақ полицейлер жаппай демалыс орындары қауіпті ойын-сауықтың орны емес екенін ескертіп, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қойылып, кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.