Баланың еміне жинаған ақшаға блогерлер Lexus алып, құмар ойын ойнаған
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ұлының еміне деп халықтан 1,4 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтарға үкім шықты.
Астана, NEGE. Іс қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарын заңдастыру және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық баптары бойынша қаралды.
Сот дерегінше, 2020–2024 жылдар аралығында Тотақановтар 2019 жылы дүниеге келген, туғаннан кейін ауыр дерт анықталған ұлын емдеуге қаражат табу мақсатында жүйелі түрде ақша жинаған. Балаға бірқатар күрделі диагноз қойылған. Қаражат жинау үшін әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнама пайдаланылған.
«Нәтижесінде есепшоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге қаражат түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңге қайырымдылық қаражат ретінде алынған. Баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсалған.
Жиналған қаражаттың елеулі бөлігі баланы емдеуге емес, жұбайлардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған», – сот хабарламасында.
Қаражат мүлік, брендтік тауарлар сатып алуға жұмсалған:
1. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алу:
- жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер;
- жалпы құны 8 млн теңге болатын жер учаскелері;
- LEXUS RX 300 маркалы автокөлік – 28 млн теңге;
- Hyundai Santa Fe маркалы автокөлік – 8,2 млн теңге;
- Toyota Camry 75 маркалы автокөлік – 15 млн теңге;
- Toyota Land Cruiser Prado 150 маркалы автокөлік (сомасы анықталмаған).
2.Брендтік тауарлар сатып алу және құмар ойындарға қатысу – 9,7 млн теңге.
3. Facebook Ads жарнама платформасының қызметтеріне ақы төлеу – 481 млн теңге.
4.Қарыз міндеттемелерін өтеу – 349,5 млн теңге.
Сондай-ақ депозиттік шоттарда орналастырылған қаражаттардан пайыз түрінде табыс алынғаны анықталған.
Баланың анасы Толқын Тотақанова сотта кінәсін мойындамай, алынған қаражат баланы емдеуге және қарызын өтеуге жұмсалғанын айтты. Жары Дәулет те кінәсін мойындамай, ақша жинау фактісінен хабарсыз болғанын мәлімдеді.
Кәмелетке толмаған балаларының болуы жеңілдететін мән-жай ретінде танылды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Сот үкімімен Тотақановтар Қылмыстық кодекстің 218-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, жазаларды ішінара қосу жолымен 7 жылға бас бостандығынан айыруға, 10 жыл мерзімге қайырымдылық пожертвованияларын жинауға байланысты қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге және жазаны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды», – делінген хабарламада.
Кәмелетке толмаған баласы болғаны үшін сот Толқын Тотақанованың жазасын өтеуді 2 жылға кейінге қалдырды.