«Балаларымыз үшін қорқамыз»: Астана маңында оқушылар тоз-тозы шыққан мектепте білім алуда
Астана маңындағы Ақмол ауылының тұрғындары жарты ғасыр бұрын салынған мектептің апатты жағдайда екенін айтып шағымдануда. Ал билік өкілдері оқу ордасына күрделі жөндеу жүргізілгенін алға тартып отыр.
Астана, NEGE. Ата-аналардың айтуынша, бұл ғимарат бүгінде балалар білім алатын орыннан гөрі апатты нысанға көбірек ұқсайды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ауылда екі мектеп бар. Бірі жаңалау болғанымен, екіншісі – 1962 жылы салынып, 1982 жылы қосымша ғимаратпен кеңейтілген ескі мектеп.
Әкімдіктегілер мектепке күрделі жөндеу жүргізілген деп сендіргенімен, ата-аналар жолдаған суреттерге қарағанда, ғимарат расымен ұзақ уақыт жөндеуден өтпегендей әсер қалдырады: кей тұстарының сылағы түсіп қалған, қабырғаларда жарықтар пайда болған, ал қаптама бөліктері үгітіліп, құлап жатыр.
Ауыл белсендісі Сәуле Нұртазина ата-аналардың шағымын жеткізді. Айтуынша, мектепте шамамен 1200 оқушы білім алатындықтан, бір ауысымда оқуға орын жетіспейді. «Балаларымыз үшін қорқамыз» деген белсенді бірде мектепте электр сымдары жанып, балалар қорқып, сыртқа қарай жүгіргенін, дәлізде кептеліс болғанын айтады. Алайда бұл жайттан кейін де мәселе түбегейлі шешіле қоймаған.
Бұған қоса, ата-аналар мектептегі дәретхана да үлкен мәселе тудырып отырғанын айтады. Айтуларынша, жүздеген бала оқитын мектепте қарапайым жағдай жасалмаған.
«Кабинкалар жоқ. Есіктер жабылмайды. Ішінен бекітілмейді. Балалар күн сайын осыған көнуге мәжбүр», – дейді Сәуле Нұртазина.
Ата-аналар мен белсенділер бұл мәселелерді бірнеше рет көтеріп, тиісті орындарға хат жазып, көмек сұраған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мектептің бір қанатын жаңартуға шамамен 100 миллион теңге бөлінген.
«Мұны күрделі жөндеу деуге келмейді. Бұл "жамау" деп аталады. Бір бөлігін ғана жөндеп қойды. Қалғаны бұрынғы жаман күйінде қалды», – дейді ата-аналар.
Олар биыл мектепке толыққанды күрделі жөндеу жүргізуді талап етіп отыр.