«Балалары үшін алаңдайды»: адвокат Жанабыловтардың шешімін түсіндірді

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша өткен сот отырысынан кейін адвокат Гаухар Айтжанова журналистерге блогерлердің бейнетүсірілімге неге қарсы болғанын түсіндірді.

instagram.com/zhanabylov_e

Астана, NEGE. Қорғаушының айтуынша, Жанабыловтар отбасы балалары үшін алаңдайды. Олардың ұлдары күн сайын балабақша мен мектепке барады. Сондықтан ата-анасының суреттері мен видеоларын ғаламтордан немесе теледидардан көруі мүмкін.

Адвокаттың сөзінше, Ерболат пен Эльмира бұл іс аясында түрлі пікір мен сынға ұшырауы ықтимал. Мұндай жағдай балалардың психологиялық күйіне кері әсер етуі мүмкін.

Nege.kz

«Ата-анасының бейнесі жұрт алдында жиі көрініп, түрлі пікір айтылып жатса, оның ішінде қолдайтын да, қарапайым тілмен айтқанда "хейт" жазатын да адамдар табылады. Бұл, әрине, жағымды жағдай емес. Сондықтан олар ең алдымен балаларының жағдайын ойлайды. Балалардың психикасын қорғау – басты мәселе. Ал өздерінің көңіл күйі жалпы қалыпты», – деп түсіндірді адвокат.

Журналистер блогерлердің үйқамақта болғанына қарамастан, балаларымен кинотеатрлар мен сауда орталықтарында еркін жүргенін еске салып, мұның заң аясында рұқсат етілген-етілмегенін сұрады.

Гаухар Айтжанова бұл әрекеттердің заңға қайшы емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, сот белгілеген талапқа сәйкес блогерлер тек кешкі сағат 22:00-ден таңғы 07:00-ге дейін үйде болуы тиіс. Ал қалған уақытта еркін қозғалуына рұқсат берілген.

«Қалған уақытта сыртқа шығуына рұқсат бар. Олардың кәмелетке толмаған балалары бар, балаға “бүгін ата-анаң сені киноға немесе сауда орталығына апара алмайды” деп түсіндіру қиын. Мұның бәріне сот рұқсат берген. Сондықтан олар еркін жүріп-тұра алады.

Мұндай шешім әрбір істің ерекшелігіне қарай жеке қарастырылады. Блогерлердің кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, оларға осындай мүмкіндік заң аясында берілді. Телефон қолдануға да рұқсат бар, оны байланыста болу үшін пайдаланады. Тек әлеуметтік желілерді қолданбайды», – деді адвокат.

Сондай-ақ, оларға арнайы электронды бақылау білезіктері тағылмағаны да белгілі болды. Адвокаттың айтуынша, мұндай құралдарды тергеу органдары қамтамасыз етпеген.

Тағы айта кетерлік жайт, блогерлердің қорғаушысы ауысқан. Бұған дейін олардың мүддесін қорғап келген адвокат Олег Чернов бұл сот процесіне енді қатыспайды. 

Қазір оқып жатыр

Грузия Temu тарапынан демпинг жасалып жатқанына шағымданды

Ербол Хамитов Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды

Ақтөбеде математик мұғалім ата-аналардан қомақты ақша алып, бәске тіккен

Өнер қырандары театры Шымкент қаласының әкіміне үндеу жасады