Балаларға арналған ойын автоматтарына қойылатын талап күшейтілмек
Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде «Кран» сияқты балаларға арналған ойын автоматтарының орналастыру тәртібін реттейтін заңнамалық түзетулер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Таяуда Сенат депутаттары Үкімет басшысының атына балаларға арналған ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін айқындау жөнінде ұсыныс білдіріп сауал жолдаған.
Премьер-министр депутаттарға берген жауабында елімізде «Хватай-ка», Crane Machine, Claw Machine, Grabber сияқты ойын автоматтары азық-түлік дүкендерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында, балалар ойын аймақтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда көп орналастырылғанын, оларды бақылайтын нормалар жеткіліксіз екенін атап өткен.
«Қолданыстағы заңнамада ақшалай ұтыс көзделмеген ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін, оларды орналастыру тәртібін, техникалық талаптарын, жас шектеулерін және бақылау тетіктерін нақты айқындайтын нормалар жеткіліксіз.
Осыған байланысты қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар ойын автоматтарының аталған санатын реттейтін заңнамалық түзетулер әзірлеуде», – делінген Бектеновтің жауабында.
Оның айтуынша, Канада, Аустралия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерде «Кран» сияқты автоматтар «ойын-сауық аппараттары» санатына кіреді және техникалық стандарттардың міндеттілігімен ерекшеленеді. Автоматтар үшін жүлденің құнына, оларды тіркеу тәртібіне қойылатын талаптар бар, жасырын алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынған және жосықсыз механизм үшін жауапкершілік көзделген.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, қазір заңнамаға мынандай түзетулер әзірленуде:
- автоматтарды орналастыру орындары бойынша шектеу енгізу;
- автоматтар мен ондағы жүлделерді міндетті сертификаттау;
- ұтыс ықтималдығына әсер ететін жасырын механизмдерді пайдалануға тыйым салу;
- автоматтарды орналастыру мен пайдалануды реттейтін құзыретті органдарды анықтау;
- тұтынушыларға автоматтардың жұмыс принципі және жүлделердің құны туралы ақпарат беру жөніндегі міндет, сондай-ақ басқа да өзгерістер.
Премьер-министр бұл түзетулер балаларды және ата-аналарды тәуекелдерден қорғауға, ойын-сауық нарығының ашықтығын арттыруға, бизнес пен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімді.