Балаларды еңбекке заңсыз тарту тыйылмай тұр

Елімізде жыл басынан балаларды еңбекке заңсыз тартудың 5 дерегі тіркелді. Былтырғы көрсеткіш те осындай. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2 есе төмен.

Алматы, NEGE. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері осылай деді. Бірақ елімізде нақты қанша баланың заңсыз жұмысқа жегілгенін дөп басып айту қиын. Себебі ресми статистика мен шын мәніндегі жағдайдың арасы алшақ. 

Түркістандық 14 жастағы Ерасылдың қолы білек тұсынан жоқ. Кірпіш зауытында заңсыз жұмыс істеп жүріп, жазатайым жағдайға душар болған. Анасы Тұрсынай бұған кәсіп иелерін кіналайды. Себебі ата-ана рұқсатынсыз ойын баласын еңбекке тартқан. "Мен сол күні таңда тұрсам балам жоқ. Кім ойлаған оның Бадамға барып жұмыс істейтінін. Звондасам көтермеді. Кеп қалар деп жатқанымда ауруханадан хабар келді. Сағат 3-те келді. Мен барғанда бір-ақ саусағы деп алдап тұрды" дейді.

Ерасылдың зауыттағы күн сайынғы табысы 4 мың теңгеден де аспаған. Жеткіншектің айтуынша, онымен бірге тағы ондаған бала болған. Және ешбірінде еңбек шарты болмаған. Сондықтан осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, зауыт басшылығына еңбек қағидасын бұзғаны жөнінде айып тағылды. ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Қымбат Әлиақбарқызы: "2020 жылдың 11 айында 5 факт анықталған. Бұл мәселелердің барлығы бойынша жұмыс берушілер әкімшілік жазаға тартылды. Сондай-ақ жасалған анализ бойынша балалар көбіне жаз айларында демалыс уақытында жұмыс істеген. 2018 жылы еңбек инспекторларымен балалар еңбегі бойынша 10 факт анықталған. 2019 жылы 5 факт анықталды" деді.

Р бойынша 400 мыңнан астам мекеме бар. Ал еңбек инспекторларының саны небәрі 260 бірлік. Соған байланысты бүкіл мекемеге бірден тексеріс жасай алмайды. Оған деген бір уақыт керек. Ал ресми статистикадан нақты жағдайдың арасы алшақ. Бұған құзырлы органдардың рейдтік іс-шаралары кезінде анықталған деректер себеп. Оның үстіне Еңбек құқығын қорғау министрлігі мен білім және ғылым министрлігі ұсынған мәлімет бір бірімен сәйкес келмейді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі комитетінің бас сарапшысыТимур Қазтуғанов: "Биыл маусым айында «Балалар еңбегіне қарсы 12 күндік күрес» акциясын өткіздік. Оның барысында 34 дерек анықталды. Ел бойынша еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген балалардың көп екені аңғарылды. Бұдан бөлек әр тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдармен рейд жүргізіп тұрамыз. Жыл басынан бері түн мезгілінде ешкімнің рұқсатынсыз, өз қалауымен қызмет көрсету орындарында жұмыс істеп жүрген 85 баланы анықтадық. Бұған әрине заңсыз деген баға беруге болады. Себебі балалардың қолында еңбек шарты болмаған", - деді.

Жалпы елімізде еңбек кодексіне сәйкес, 14 жасқа толған баланың оқудан бос уақытында жұмыс істеуіне тыйым салынбаған. Тек денсаулығына зиян келмейтін театр, концерттік ұйым, цирк сынды мәдени орындарда еңбекке араласуына болады. Ал қалған жерлерде, яғни Ерасыл секілді ауыр жұмысқа жегілу заңсыз. Себебі мұндай жағдайдың соңы орны толмас өкінішке әкелуі әбден мүмкін.

Қазір оқып жатыр

Сәби саудасы: Қызылордада қоғамдық қордың жетекшісі ұсталды

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК-тен шығу туралы шешім қабылдады

Үйқамақта болуы тиіс Олеся Кексель Алматы әуежайында не істеп жүр?

Жамбыл облысында экс-депутаттың партиядан шығарылуына қатысты іс қайта қаралады