Балаева «Ахуал сегодня» YouTube авторының ұсталуына қатысты пікір білдірді

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналисі Азамат Омаровтың ұсталуына қатысты пікір білдірді.  

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астана, NEGE. Балаеваның айтуынша, журналист сатира немесе шенеуніктерді сынағаны үшін емес, алауыздықты қоздырды деген күдікпен ұсталған.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде кейбір азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар Омаров «жоғары лауазымды шенеуніктерді әжуалағаны үшін» ұсталды деген ақпаратты таратып жүр. Ең алдымен, елімізде сөз бостандығына кепілдік берілгенін, ал цензураға тыйым салынғанын ерекше атап өткім келеді. Сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды және ол үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген», – деді министр.

Аида Балаеваның мәліметінше, Азамат Омаров Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен ұсталған.

«Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік белгіленген. Менің түсінуімше, Азамат Омаров дәл осы бапта көзделген құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен ұсталған. Егер таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайды», – деп түсіндірді Балаева.

Министр заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік азаматтардың қызмет саласына немесе кәсібіне қарамастан, барлығына бірдей қолданылатынын атап өтті.

Сонымен қатар Аида Балаева құқық қорғаушыларды Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, алауыздықты қоздыруға қатысты нормалар мен жалған ақпараттың таралуына жол бермеу жөніндегі заң талаптарын түсіндіру жұмысына атсалысуға шақырды.

Айта кетейік, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның мәліметінше, Омаров 18 шілдеде ұсталған. Оның адвокаты Төлеген Шайықов сол күні сот журналисті екі айға қамауға алуға санкция бергенін мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, сот қаулысында Омаровтың қазіргі билік, елдің әлеуметтік-экономикалық саясаты мен мемлекет қызметі туралы сатиралық сипаттағы пікірлері көрсетілген. Қорғаушы қамауға алу туралы сот шешіміне шағым түсіргенін хабарлады. Омаров тағылған айыппен келіспейді және жарияланымдарын «кәдімгі сатира мен әзіл» деп санайды.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры құқық қорғау органдары мен прокуратурадан Омаровтың нақты қандай жарияланымдары үшін күдікке ілінгені туралы ақпарат беруді талап етті.