22 июля 2022 г. 12:58

Бала өз үйінен неге безеді?

Фото:
Жамбыл облысында соңғы алты айда 78 бала үйінен кетіп қалғаны анықталып отыр. Былтыр «ұшты күйлі жоғалған» жасөспірімдердің саны бұдан да көп. Айырмасы

17,8 пайызға артық. Жамбыл облыстық полициясы статистикалық талдау жүргізіп, кәмелет жасына толмағандардың не үшін өз ұясынан безінетінін анықтапты.

Алматы, NEGE. Әрине, жіптің бір ұшы әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі. Басты себеп - отбасылық жанжал. 2022  жылдың 8 маусымында 14 жасар қыз анасымен араздасып, үйінен қашып кеткен. Полиция қызметкерлері  таңертең  оны дос  қызының  үйінен тауыпты.

Жұмысбастылықтың кесірінен балаларын тәрбиелеуге, немен айналысып жүргенін бақылап, қадағалауға мұршасы жоқ ата-аналар да аз емес.  Жасөспірімдердің өзін ересек сезініп, үлкен өмірге ұмтылысы да әке-шешесін әбігерге салатыны бар.  

Мысал келтіре кетсек, 10 маусым күні Жаңатас қаласында дүркіреп өткен тойға келген 15 жастағы қыздың жоғалып кеткенін айтып, туыстары дабыл қаққан. Сөйтсе, жас қыз тойда танысқан жігітпен таңды бірге қарсы алуды ұйғарыпты.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, кездейсоқ жағдайлар да жиі кездеседі. Үйінен ұзап шығып, қоғамдық көлік отырып, үйін таба алмай, адасып кету деректері де тіркеліп отыр.

«Қиын» балалар бұл статистикаға көп ілігеді екен. Соның бірі – 6 маусымда хабар-ошарсыз кеткен 16 жасар жасөспірімнің оқиғасы. Ол копьютер ойындарына тәуелді болған. Жақындары баланың құмарлығына аса мән бермеген екен. Сонымен қатар, ешқандай тәртіпке бағынғысы келмейтін қиқарлығы да бар көрінеді. Полиция таныстарынан баланың жиі баратын жерлерін анықтап, ақыры ізін тапқан. Қазір баланы арнайы мектепке жіберу мәселесі қаралып жатыр.  

Әбүйір болғанда, Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жоғалған балаларды түгелдей тауып, отбасына қайтарған. Бұған еріктілер мен жанашыр азаматтардың да қосқан үлесі зор.

Жамбыл облысы  Полиция департаменті балалардың үйінен безіп, жоғалуының алдын алу шараларын жасауға шақырып отыр. Айталық, Жергілікті  полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының  аға инспекторы, полиция майоры Оксана Семенованың айтуынша, балаларға әділ және мұқият қараған абзал.

«Балаларыңыздың мәселелерін бірге шешіңіз, балаңыздың ынтасы мен бос уақытына көңіл бөліңіз. Егер бала үйден өз еркімен кетіп қалса, онда сіз оның барлық таныстары мен достарына дереу қоңырау шалуыңыз керек. Оның не үшін кеткенін және өзімен бірге не ала кеткенін  анықтауға тырысыңыз», - дейді Оксана Семенова.

Егер баланың үйден кетіп қалуына ешқандай себеп болмаса, шұғыл түрде полицияға хабарласқан жөн. Баланың құжаттарын, суретін ала бару қажет. Әсілінде, баланы жоғалтып, шарқ ұрып іздемеудің ең ізгі амалы – жақсы тәрбие.

Тегтер: