17 марта 2022 г. 19:52

Бақытжан Көпбаев: «Қазақ фашистері» өздерін «ұлтшыл» ретінде көрсетіп жүр

Фото:

Еліміздегі басты «антифашист» Бақытжан Көпбаев Путинді плагиат үшін айыптап отыр. Оның сөзіне қарағанда, көтерген ұрандарындағы 1,5 мың сөйлемді Путин «Майн Кампфтан» сөзбе-сөз көшіріп алыпты.

Естеріңізде болса, «қазақ фашизмі» туралы алғаш дабыл көтерген де – осы кісі болатын. Бақытжан Көпбаев – «Қазақстан интернационалистер қоғамы» атты қоғамдық бірлестіктің тең төрағасы. Осы ұйымның құрылғанына төрт жылдай уақыт өтіпті. Енді пікірлестерін жиып, саяси партия құруды көздеп отыр. Онысын «Демократиялық социализм» деп атамақ.

Б.Көпбаев. Фото: әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желіде белсенділігімен, өткір әрі оғаштау пікірлерімен көзге түсіп жүрген Бақытжан Көпбаевпен Nege.kz тілшісі сұхбаттасты.

Соңғы сөзіңіздің бірінде Путинді «фашист» деп атадыңыз. Бұған не түрткі болды?

– Путин империалистік соғыс ашып отыр. Ол – ақ гвардияшыл олигархиялық буржуазияны қолдайтын адам. Жүргізіп отырған  саясатына қарсы шыққан адамдарды «ұлт сатқындары» деп атады.

Бұл сөзді 1931 жылы «Майн Кампф» атты кітабында Гитлер де қолданған болатын. Көтерген ұрандарындағы 1,5 мың сөйлемді Путин «Майн Кампфтан» сөзбе-сөз көшіріп алған.

Кремльдің саясатын сынға алған соң, Путинді қолдайтын біраз адам «Қазақстан интернационалистер қоғамынан» шығып кеткені де рас. Оған аса өкінбейміз. Менің саяси көзқарасымның қоғамдық бірлестікке қатысы жоқ.

Сонда,  «Қазақстан интернационалистер қоғамының» мақсаты не?

– Мақсаты – шағын ұлттарға жасалған қысымға қарсы күресу.

Путинге қатысты айтып жүргеніңіз бірлестіктің пікірі емес, жеке пікіріңіз бе, сонда?

– Ия, мен өз көзқарасымды айттым. Бірақ құрылатын «Демократиялық социализм» партиясына кіргісі келетін адамдардың бәрінің ойы – осы.

Ақ гвардияшылар Ресей империясын қалпына келтіруді көздеді. Ұлттар теңдігіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Идеологиялық жағынан бізге жау болғандықтан, Путинді қатты сынап келеміз. Бірақ беталды тиіскеніміз жоқ.

Фото: АР

ДНР мен ЛНР-дің «тәуелсіздігін» жариялаған кезде мен алғашқылардың бірі болып ашық пікір білдірдім. Біздің Қазақстанда радикалды орыс ұлтшылдары, шовинистері аз емес. Мені бірден жамандап шықты. Олардың арасында интернационалистер қоғамының мүшелері де болды.

«Қазақстан интернационалистер қоғамы» ішінде Путинге бола жік түсіп отыр ма?

– Қоғам саясатқа араласпайды. Оған қатысы жоқ. Путинді қолдап шыққандардың бәрін ұйымнан тым-тырақай шығарып жібердік. 8 ұяшықты жауып тастадық.

Путинді қолдау – біздің идеологиямызға қайшы деген сөз. Біз Зеленскийді де қолдамаймыз.

Себебі, ол Украинада коммунистік, социалистік партияларды жауып тастады. Әрине, Ресей басып кірген соң, Украина азаттық соғыс жүргізіп жатыр деп есептейміз.

Сіздің ұйымдарыңыз фашизм туралы жиі айтады. Қазақ фашистері бар деп дабыл қаққаныңыз есімізде...

– «Қазақ фашистері» деген ұйымға қарсы күрескенімнің арқасында, ол ұйым ақыры жабылды. Оның көшбасшысы – Марғұлан Боранбай еді. Күні кеше 5 жылға сотталып кетті. Біз өтірік жала жапқанымыз жоқ, бәрінің дәлел-дәйегі бар. Кейбір өкілдері «Орыстарды сойып, етін жесе, ол канибализмге жатпайды» деген сөзді де айтты. Мұны айтқан адам АҚШ-қа қашып, ақыры жазадан құтылып кетті.

«Қазақ фашистері қоғамының» құрылғанын жария еткен кезде, біз олармен белсенді күрес жүргіздік. Қазір олар тонын теріс айналдырып, өздерін «ұлтшылдар» ретінде көрсете бастады. Ұлтшыл көзқарастағы адамдарға қарсы емеспіз. Көзқарасын қолдамасақ та, сыйлаймыз. Өз көзқарасы. Қазақтың бәрі фашист емес. 

Сіздердің ұрандарыңызға қарасақ, Ресейдің солшыл қозғалыстарының Қазақстандағы филиалы ретінде әсер қалдырады. Солтүстік көршімізбен қандай да бір байланыстарыңыз бар ма?

– Біз өзіміздің дербес саясатымызды жүргіземіз. Ресейдегі коммунистік партиямен тікелей байланысымыз жоқ. Тек кейбір мәселелерде қолдау білдіретінбіз. Зюгановтың атынан маған берілген «Халықтар достығы» деген ордені де бар.  Тек Ресеймен ғана емес, ЕҚЫҰ-да отырған Бельгияның «Еңбек» партиясымен, Түркиядағы социалистік партиямен, Ливан коммунистік партиясымен, Қырғызстанның және Иранның социалистік партиясымен достық қатынас орнаттық.

Сіздің пікірлесіңіз Зюганов «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек» деп ұран тастады. Мұнымен де келісесіз бе?

– Зюгановтың мәлімдемесін біз бірден сынға алдық. Олар бізге: «Бұл – коммунистік партияның пікірі емес, Зюгановтың жеке пікірі», – деп жауап берді. Оның сол кездегі сөйлеген сөзін толық тыңдап шығатын болсаңыз, негізгі ойы қазақ жеріне көз аларту емес. Ол контекстен сүрініп отыр.

Біздегі тілдік патруль, басқа да келеңсіз жайттарды сөгіп жатып, айтып қалған сөзі. Бұл Зюгановтың тарихтан хабарының саяздығын білдіреді.

Қазақ жерінің шекарасы бекітіліп, автономия құрылғанына жүз жыл толды. 1921 жылы Ленин мен Калининнің бұйрығы бойынша Қырғыз АССР-і құрылған болатын. Зюганов қазақ жеріне көз алартса, мұнысы ақ гвардияшыл, империалистік көзқарас болғаны. Яғни, Лениннің ісіне қарсы шыққаны. Марксистік идеологиядан тайғаны.

КСРО-ны қайта құруды қолдайсыз ба?

– КСРО-ны қайта құрғысы келетін – коммунистік партиялар. КСРО коммунистік идеологияның арқасында құрылған мемлекет болатын. Горбачев бұл идеологияны алып тастап еді, КСРО бірден күйреді. Менің ойымша, КСРО-ны қайта қалпына келтіру ешкімнің қолынан келмейді.

Ал біздің мақсатымыз – Қазақстанда демократиялық социалистік мемлекет құру. Коммунистік партиялар одақтасымыз болғанымен, олардан әлде қайда оң жақта тұрамыз. Коммунизмді біз утопия деп есептейміз.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: