19 ноября 2025 г. 16:08

Бақытжан Базарбек «Отбасы банк» қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады

Фото: ҚР Парламент Мәжілісі

Депутат Бақытжан Базарбек заңсыз несие рәсімдеген «Отбасы банк» қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.

Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, Алматының Бостандық ауданындағы «Швейцария» тұрғын үй кешенін сатып алған 150 үлескер зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, бес қабатты тұрғын үй «бау-бақша шаруашылығын жүргізуге арналған» жер учаскесінде салынған, сондай-ақ үйлер бастапқы және құрылысқа рұқсат құжаттарынсыз тұрғызылған. 

Қамауға тек құрылысшы алынды, сол ғана! Бірақ неге тек құрылысшы тергеліп жатыр? Неге күдіктілер қатарында «Отбасы банк» қызметкерлері жоқ? деп сұрады мәжілісмен.

Құрылысшыға қатысты қылмыстық іс 2022 жылы қозғалған, 2023 жылы «Швейцария» тұрғын үй кешенін бұзу туралы сот шешімі шыққан. Алайда «Отбасы банк» сот шешіміне қарамастан, сол кешеннен пәтер сатып алу үшін азаматтармен келісімшарттар жасап, несие беруді жалғастырған.

«Отбасы банк» қызметкерлерінің әрекеттерінен 50-ден астам азамат зардап шекті, олар келісімшарт жасады, өздерінің жинаған ақшаларын тұрғын үйлерге салды, ал, ол үйлер сот шешімі бойынша бұзылуға тиіс еді. Қазір тергеуде болуы керек «Отбасы банк» қызметкерлерін кім қорғап отыр? деді Базарбек.

Сонымен қатар, ол 2022–2023 жылдары Алматы әкімдігінде жұмыс істеген, бастапқы және рұқсат құжаттарын берген лауазымды тұлғаларды да тергеуге алуды сұрады.