«Бақытжан Базарбек адамды қағып кетті» деген ақпарат тарады: полиция не дейді?

Желіде бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жолда адамды қағып кеткені туралы ақпарат тарады.

ҚР Парламент Мәжілісі

Астана, NEGE. Жамбыл облысының полиция департаменті NEGE-ге оқиғаның Т. Рысқұлов ауданында болғанын растады. Алайда тәртіп сақшылары көлікті кім басқарғанын нақтыламады.

Полиция мәліметінше, Toyota жүргізушісі жол үстінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат ауыр жағдайда аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр. Полиция әзірге көлікті Бақытжан Базарбек басқарғанын ресми растаған жоқ. Ресми мәліметте жүргізуші тек «Б. есімді азамат» деп көрсетілген.

Бұған дейін Halyqstan Telegram-арнасы жол апаты 15 тамыз кешке Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында болғанын хабарлаған. Арна дерегінше, Toyota RAV4 көлігінің тізгінінде Бақытжан Базарбек болуы мүмкін.

Halyqstan мәліметінше, бұған дейін осы жолда басқа көлік сиырға соғылған. Бірнеше адам жолдағы мал өлексесін алып тастауға кіріскен кезде олардың бірін Toyota қағып кеткен.