«Бағаны түсіруге мәжбүр болады»: қазір пәтер алған тиімді ме?

Елімізде сатылатын пәтер көп, ал сатып алушы азайған. Сондықтан үй иелері бағаны түсіріп, саудаласуға мәжбүр болады. Бұл туралы қаржыгер Әсел Әуелбекова NEGE редакциясының Decaf. подкастында айтты.

Әсел Әуелбекова/NEGE

Астана, NEGE. Әуелбекованың сөзінше, кей пәтерлер екі жылдан бері сатылмай тұр. Үй иесі өзі белгілеген бағаны күтемін деп, табыстан қағылуы мүмкін.

«Егер пәтерін бір жыл бұрын арзандау сатып, ақшасын пайыздық мөлшерлеме жоғары кезде депозитке салғанда, баға айырмасын жауып үлгерер еді. Ал қазір пәтері бос тұр», – деді қаржыгер.

Ол үйін сатқысы келгендерге пәтер алғашқы аптада-ақ өтіп кетеді деп ойламауға кеңес берді. Сондықтан пәтерді бос қалдырмай, жалға беруді жалғастырған жөн. Жалға алушыға үйдің сатылымға қойылғанын алдын ала ескертіп, пәтерді көруге келген адамдарды кіргізу және баспананы таза ұстау жөнінде келісуге болады. Оның орнына үй иесі жалдау ақысын төмендете алады.

Мысалы, пәтер айына 350 мың теңгеге жалға берілсе, үй сатылғанға дейін жалдау ақысын 250–300 мың теңгеге дейін түсіруге болады. Жалға алушы аптасына екі-үш рет келген адамдарға пәтерді көрсетіп, үйді таза ұстайды. Ал баспана сатылса, оған көшу үшін бір ай уақыт беріледі. Осылайша, үй иесі табыссыз қалмайды, ал жалға алушы өз ақшасын үнемдейді.

«Кей адамдар жалға алушыларды шығарып, пәтерін сатылымға қояды. Үй сатылғанша бос тұрады, ал иесі сол уақыт бойы табысынан айырылып жатады», – деді Әсел Әуелбекова.

Қазір пәтер алуға қолайлы кез

Қаржыгердің пікірінше, өзі тұру үшін баспана іздеп жүргендерге қазір пәтер алған тиімді. Өйткені таңдау көп, ал сатып алушы аз. Сондықтан сатушымен саудаласып, бағаны түсіруге болады. Иесінен сатылып жатқан дайын пәтерлердің бағасы жаңа үйлердегі баспанамен шамалас. Бірақ олардың көбі жөндеуден өткен, жиһазы да бар. Сатып алушы жөндеуге қосымша ақша жұмсамайды. Сондай-ақ жөндеу біткенше жалдамалы үйде тұрып, екі жаққа бірдей шығындалмайды.

«Өзіңіз тұру үшін алсаңыз, дәл қазір сатып алыңыз. Қазір сатып алушы үшін қолайлы кез. Сондықтан саудаласу керек», – деді ол.

Әсел Әуелбекова пәтер алуға мүмкіндігі бар адамдардың азаюын «7-20-25» бағдарламасының қысқаруымен, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының азаюымен және зейнетақы жинағын пайдалануға арналған жеткіліктілік шегінің өзгеруімен байланыстырды.

Ал сатушылар азайған жоқ. Құрылыс компаниялары да жаңа үйлерді салып, пайдалануға беріп жатыр. Сондықтан қазір сатушылар сатып алушыны өзіне тартуға тырысады.

Ақша салудың тиімдірек жолдары бар

Әсел Әуелбекова қазіргі жағдайда пәтерді пайда табу үшін сатып алуды тиімді деп санамайды. Мәселен, қолында 15 млн теңгесі бар адам оны үйдің алғашқы жарнасына жұмсай алады немесе депозит пен қор нарығына сала алады.

Оның айтуынша, пайыздық мөлшерлеме жоғары кезде ақшаны депозитте ұстаудың өзі пәтер сатып алудан тиімді болуы мүмкін. Ал қор нарығынан түсетін табыс инфляция мен депозит пайызынан жоғары болуы ықтимал.

«Ақша салудың бірнеше жолын салыстырып қарасам, қазір жылжымайтын мүлікті таңдамас едім. Бірақ өзі тұру үшін баспана алуға өте қолайлы уақыт», – деді Әсел Әуелбекова.


Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден көруге болады.