26 января 2026 г. 17:42

Бабақұмаровтың ісін оның балалары үшін жауып тастады

Фото: nege.kz

Алғашында ашақ өтеді деп хабарланған Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты сот процесі бастала салысымен жабық форматқа ауыстырылды.

Астана, NEGE. Бүгін Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды.

Процесс бастапқыда сағат 15:00-ге белгіленгенімен, айыпталушыны жеткізуге тиіс конвойдың кешігуіне байланысты сот тыңдауы 16:00-ге шегерілді. Осылайша журналистерге 1,5 сағат күту залында отыруға тура келді.

Айыпталушы залға кіргеннен кейін сот залының есігі жабылып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ішке кіргізілмеді. Журналистерге сот барысын баспасөз залында онлайн тыңдауға болатыны хабарланды.

Алайда отырыс басталған сәттен-ақ жәбірленуші тараптың адвокаты соттың жабық түрде өткізілуін сұрады. Оның айтуынша, марқұмның кәмелетке толмаған балалары қылмыстың анық-қанығын білмегені жөн. Бұл ұсынысқа екінші тарап та келісті. Судья Айжан Құлбаева өтінішті қанағаттандырды.

«Марқұмның артында 16 және 12 жастағы екі кәмелетке толмаған баласы қалғанын, сондай-ақ істің адам өміріне қарсы жасалған аса ауыр қылмыстарға қатысты екенін ескерсек, қылмыстың сипаты мен жасалу тәсілдерінің бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялануы оның қоғамда кеңінен талқылануына әкелуі мүмкін», – деді судья.

Судья Айжан Құлбаева сот процесі барысында ешқандай фото және бейнетүсірілім жүргізуге рұқсат бермеді.

Бұған дейін ашық өтеді делінген істе журналистер тіпті өтінішхаттарды қарау кезеңіне онлайн да қатыса алмады.

Бұдан былай қоғамда резонанс тудырған бұл қылмыстық іске қатысты сот процесі жабық түрде өтеді.