Азия ойындары: Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті

Қазақстандық каратэші Жоламан Бигабыл Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

Туризм және спорт министрлігі

Астана, NEGE. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі кумитэ финалында ол Өзбекстан спортшысы Х. Халимовпен кездесті. Жоламан Бигабыл қарсыласын 9:1 есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасына үшінші алтын медальді әкелді.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, WKF каратэ Қазақстанда кең таралған спорт түрлерінің бірі. Қазір ол елдің 20 өңірінде дамып келеді, онымен 77 мыңнан астам адам тұрақты айналысады. Оның 25 мыңға жуығы – әйелдер.

Спортшыларды даярлауға 600-ге жуық жаттықтырушы тартылған, соның 140-ы ауылдық жерлерде жұмыс істейді.

Қазақстанда жыл сайын Kazakhstan Open халықаралық турнирі де өтеді. Бұл жарыс жасөспірімдер мен U21 санатындағы спортшылар үшін Азия және әлем чемпионаттарына іріктеудің ішкі рейтингтік кезеңдерінің бірі саналады.