Әзімбай Ғалиді шәкірттері ұстап бермек

Елімізде жемқорлықпен күрес күшейтіліп жатыр

Елімізде жемқорлыққа қарсы күрестің екпіні күшейіп келеді. Жыл сайын 2 мыңға жуық жемқорлық қылмыс тіркелсе, бір мыңнан астам адам жауапқа тартылады екен. Қоғамда парақорлыққа қатысты көзқарас та түбегейлі өзгеріске түсіп отыр. Ілкіде жемқорлар «көлденең табысы бар, жақсы жігіт» деп суреттелініп келсе, қазір жек көру сезімі басым. Мәселен, саясаттанушы, ұстаз Әзімбай Ғалиді шәкірттері ұстап беруге дайын. Әрине, пара сұраған жағдайда.

Әзімбай Ғали мен NEGE.KZ порталы мынадай шағын тәжірибе өткізді. Ұстаз қоғамның жемқорлыққа қалай қарайтынын білу үшін өз шәкірттеріне бұрылып: «Сендерден пара сұрасам, мені ұстап бересіңдер ме?» деп сұрады. Бір ғана студент ұстазына «жоқ» деп жауап берді. Қалғандары «иә» деп нық сеніммен айтты. Көпшілік пікірі жеңіп, «жоқ» деген шәкірт те кейін пікірін өзгертті. Бұл көп жағдайдан хабар берсе керек.

«Бұл – азаматтық борыш. Солай болуы тиіс. Шәкірттерім парақор ұстазын ұстап беруге әзір. Мен үшін бұдан артық арман бар ма?!» – дейді Әзімбай Ғали.

«Батыс елдерінде осындай жақсы үлгі – командалық жауапкершілік бар. Сондықтан басшылар қол астындағыларға «тәк-тәк» деп тұрады. Өйткені, кемедегінің жаны бір. Жалпы алғанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқорлықпен күресетін ойы бар. Авторитарлық мемлекеттерде басты мәселе де осы», – дейді ол.

Жемқорлардың қолына – кісен, аяғына – тұсау. Осы мақсатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оң бастама көтеріп отыр. Айталық, күні кеше мемлекеттік қызмет және коррупцияға қарсы тұру мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге түзету енгізілді. Онда қоластындағы парақор, жемқор қызметкерлер үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі нақтыланды. Бұл, ең алдымен, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге қатысты. Былайша айтқанда, бұдан былай министрлер мен әкімдерге қол астындағы орынбасарлары, басшылық орындағы қызметкерлер үшін де жауапкершілік жүктелмек.

«Бұл әлеуметтік дертке бірге қарсы тұруымыз керек. Менің берік қағидам мынадай: мемлекет жемқорлықты түп-тамырымен жойғанша күресуі тиіс. Заңнан үлкен ешкім жоқ. Бірінші басшылар, орталықта болсын, аймақтарда болсын, қоластындағы парақорлар үшін жауап беруі тиіс. Сонымен қатар, іс анықталған соң ғана шара қолданбай, кешенді, жүйелі ескерту тетіктерін әзірлеу қажет», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқаев.

Президенттің сөзінше, қол астындағылар жемқорлық қылмысқа барған жағдайда, лауазымды тұлғалар қызметінен кетуге арыз жазуы тиіс. Оны қабылдау-қабылдамау – мемлекет басшысының құзырындағы мәселе. Бірақ өтініш жазу міндетті шара болмақ.

«Заңдық тұрғыдан өз еркімен өтініш жазу – Еңбек кодексіне қайшы келеді. Әркімнің өз құқы болады. Аты айтып тұрғандай, өтінішті әркім еркімен жазуы тиіс. Заңда сөгіс беруден қызметінен босатуға дейін тәртіптік жазаға тарту қаралған. Бұл – бір жағынан дұрыс. Әрбір министр, әрбір әкім қарамағындағы адамдардың этикалық, қызметтік, қылмыстық әрекеттері үшін де жауапты болуы керек», – дейді заңгер, «Алаш жолы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мақсат Ілиясұлы.

Президент көтерген бастама «шабақтардың торға түсіп, шортандардың құтылып кетуіне» тосқауыл болмақ. Бұл осы бағытта атқарылатын көп жұмыстың бір шарасы ғана. Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін науқаншылдықтан ада кешенді шаралар керек. Шағын тәжірибеміз көрсеткендей, бұған қоғамның  атсалысуы өте маңызды нәрсе. Жемқорлыққа қарсы күресте халық болып жұмылғанда ғана нәтиже шығады. 

Шадияр Өстемірұлы 

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты