«Ажыратқан»: Павлодар облысы ПД бастығы орынбасарының әрекеттері тексеріледі
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Думан Қожахметов төбелеске қатысушыларды ажыратқан. Оның іc-әрекеттері әлі тексеріледі.
Астана, NEGE. Астана ПД мәліметінше, Думан Қожахметовтің елорда тұрғынына дене жарақатын салғаны туралы ақпарат расталмады. Сонда да оның әрекеттеріне қызметтік тексеріс аясында құқықтық баға беріледі.
«Тәркіленген бейнежазбаларға қарағанда, 7 желтоқсанға қараған түні бұрыннан таныс екі азамат арасында қақтығыс болған. Оларды полиция қызметкері ажыратқан. Ол кезде қызметкер демалыста болған», — делінген хабарламада.
Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Думан Қожахметовтің үстінен полицияға арыз түскенін хабарлады.
Козачковтың жазуынша, полиция полковнигі Қожахметов екі танысымен мейрамханада демалған. Кейін олардың арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан 49 жастағы ер адам дене жарақатын алып, полицияға жүгінген, артынша ауруханаға түскен. Шағымданушы арызында полковник Қожахметовтің жұдырық жұмсағанын көрсеткен.