Әжетхананың әлегі
Алматы облысындағы мектепте ұстаздар екінші сынып оқушысын әжетханаға жібермей қойған. Нәтижесіне бүлдіршін сыныпта отырып бұтына жіберуге мәжбүр болды. Жаманын жасырып, істі тыныш қана шешудің орнына ересектер бүкіл елге шу көтеріп, масқараға қалып отыр («Неуд педагогам», «Время» газеті).
Балақайдың нағыз атын атаудың еш қажеті жоқ. Люба дей салуға болады. Үштөбе қаласындағы М.Горький атындағы орта мектеп оқушысының енді мектеп табалдырығын аттағысы жоқ. Бармаймын деп зар жылайды. Барса, сыныптастары мазақтап, күн көрсетпейтін болғандықтан, басқа мектепке ауыстыруды сұрап отыр.
– Әдебиет сабағында ішім ауырып кетті – дейді, Люба. – Мұғалім Олеся Юрьевнадан әжетханаға сұрандым. Ол рұқсат етпеді. Өйткені әжетханада үлкен дәрет сындыруға рұқсат жоқ. Амалдың жоқтығынан бұтыма жібердім. Сыныптастарымның бәрі менен қашты. Музыкаға үзіліс кезінде мені үйге жіберді.
Любаның анасы да мән-жайды былай түсіндірді:
– Бұл екінші не үшінші сабақ кезінде болған. Әдебиет пәнінің мұғалімі Олеся Юрьевна Парышева телефон соқты. Қызымның қызуы көтерілгендіктен үйге жіберетінін айтты. Бірақ қызым үйге кеш келді әрі шалбары су екен. Мен басында жолда шалшыққа құлап қалған ба деп ойладым. Тексерсем, құдай сақтасын, ішінің бәрі нәжіс, ол терісіне сіңіп, қатып үлгерген. Былай қатып қалу үшін қанша уақыт керек? Осынша уақыт ішінде қызым мектепте жүрген!
Анасының айтуынша, сыныптастарының көзінше бұтына жіберіп қою – нағыз қорлық. Анасы бірден оқиғаның мән-жайын білу үшін мектепке барған. Бірақ ұстаздар балаға қолдау білдіріп, мәселені оңды шешудің орнына кішкентай бүлдіршінге жабылып, айыптай жөнелген.
– Бүкіл ұжымды, ата-аналар комитетін жинап алып, Любаны өтірікші қылды. Ол бұтына сабақ кезінде емес, қоңырау уақытында тышты деп бастарын ала қашады, – дейді Евгения (Любаның анасы). – Қызыма өтірік айтудың қажеті шамалы. Мүмкін оны әжетханаға жібермеген шығар?
Таразда болған қайғылы оқиғадан кейін әжетхана тақырыбы күн тәртібінен түспей келеді. Білім және ғылым министрлігі оқу орындарындағы әжетханаларды нормаға сай келтіру үшін қаржы бөлуге тапсырма берді. Үштөбедегі мектепте әжетхана бар. Бірақ, балалардың айтуынша, оған тек бастауыш сынып оқушыларына ғана баруға рұқсат етіледі, оның өзінде тек кіші дәрет сындыруға болады. Үлкен сынып оқушылары мен тышқысы келетіндердің барлығы даладағы әжетханаға баруы тиіс.
Қазір ұстаздар жағалай ақтала бастады. Олеся Юрьевна «Люба сабақ кезінде әжетханаға сұранбады» дейді. Еден жуушы Рамиля Аскерова туалеттің есігі қашан да ашық деп ант-су ішуде. Мектеп директоры Арман Ізбасаров бұл оқиғаның болғанын жасырмады. Бізді әжетханаға апарып, екі унитазды көрсетті де асығып кетіп қалды. Мәселені қалай шешетінін директор айтпады.
Кімнің қайда бұтына жібергені маңызды емес. Бала болғандықтан, кез-келген жағдай болуы мүмкін. Мұнда ересектерге қатысты мәселе бар. Былғанған туалетті көрген еден жуушы бүкіл сыныпты аралап, шу көтеріп, Любаны жұрттың көзінше жерден алып, жерге салған. Ұстаз жағдайды бақыламай, Любаны бүкіл сыныптың мазақтауына жол берген. Директор баланың қазіргі психологиялық жағдайын ойламай, өз қызметкерлерін қорғаштап шыққан.
– Балам мектепке барғысы келмейді. Басқа мектепке ауыстыру туралы ойлап отырмын. Қызымды басқа балалар кемсітіп, ол жасып, ынжық болып қала ма деп қорқамын, - дейді Любаның анасы.
Сандуғаш Дүйсенова