12 декабря 2025 г. 16:58

Айзат Жұманованың ісі: Күйеуі көлік ішінде өзіне қол жұмсамақ болған

Фото: әлеуметтік желіден

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында оқиғаның куәгері Әлішер Түкібайдан жауап алынды. Ол Айбар Жанболатты жақсы танитынын, бұрын бірге оқығанын атап өтті. 

Түкібайдың айтуынша, Айбар Жанболат әйелі Айзат Жұманованың қайтыс болғанын білгеннен кейін көлік ішінде өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл оқиға Талдықорған аудандық ауруханасының жанында болған. 

«Ол көліктің алдыңғы есігін ашып, қауіпсіздік белдігімен асылып қалмақ болды. Оны сол жерде туыстары ұстап қалды. Кейінірек пайда болған видеодан Айбарды басқа полиция қызметкері түсіріп алғанын көруге болады», – деді куәгер.

Айыпталушының суицид жасауға оқталғанын Жетісу облыстық ПД қызметкері Анарбек Аслан да растады. Ол қайғылы оқиға болған күні кезекшілікте болған. Айтуынша, оқиғаға дейін облыстық ауруханаға ауыр жарақат алған әйелдің жеткізілгені туралы хабар түскен. Ол ауруханаға екі әріптесімен бірге барған. 

«Жарақаттанған әйелдің күйеуі қайда деп сұрағанымда, оның көлікте отырғанын айтты. Кейін көліктің ішінде оның қауіпсіздік белдігіне асылып, өзін өлтірмек болғанын көрдік. Біз дер кезінде араласып үлгердік», – деді тергеуші.

Ал тергеуші Әбдуәли Қалиасқаровтың айтуынша, Айзат Жұманованың денесінде жарақаттар, ал киімінде қан іздері болған. Сотта куәлік еткен облыстық аурухана реаниматологы Мақсат Серікқанұлының айтуынша, Айзат Жұманова реанимацияға өлім ауызында келген.

«Протоколды тіркеген кезде науқастың бірнеше жарақаты бар екенін көрсеттім. Реанимациялық бөлімге науқастар ауыр немесе аса ауыр жағдайда түседі», – деді дәрігер.

Айзат Жұманова 02:35-те ауруханаға жеткізілген. Қабылданған реанимациялық шараларға қарамастан, 03:05-те өлімі тіркелген. 

Фото: NEGE

Айзаттың досы Мадина Токтасынова үйлену тойына дейін Айзат пен оның күйеуі Айбар арасында қызғаныштан жиі ұрыс-керістер болғанын айтты.

«Ол Айзатты бізбен кездестірмейтін. Кездескен күннің өзінде де бақылау үшін адам жіберетін және үйге келгенде тексеретін. Менімен және Айгерім есімді досымызбен араласуға тыйым салатын. 2022 жылы, үйлену тойына дейін, Айбар Айзатты қатты сабаған. Аяқтары мен қолдарында көгерген іздер қалды. Мен оған Айбардың үстінен арыз жазуды өтіндім, бірақ ол бас тартты. Айбарды қатты жақсы көретінін айтты», деді құрбысы. 

Айзат пен Айбар 2015 жылдан бері кездескен. Құрбысының айтуынша, Айзат әрдайым адал, сабырлы болып, күйеуін барынша сыйлаған. Олардың арасындағы ұрыс-керіске көбіне қызғаныш пен ішімдік себеп болған. 

«Ондай жағдай көп болды ғой. Ұрсысқан кездерін бізге көп айтатын. Бастапқы үйленген кезінде итеріп жіберді деп айтатын. «Біз отбасымыз ғой, ажыраспаймын» деді. Пәтерде тұрғанда басынан орындықпен ұрып, ауруханаға барған екен. Ол (Айбар - ред.) көп ішкен кезде келесі күні не істегенін білмейтінін айтып, кешірім сұрайтын», – деді Тоқтасынова. 

Естеріңізге сала кетейік, Айзат Жұманованың өліміне күйеуі Жанболат Айбар күдікті деп танылған. Іс әуелгіде ҚР ҚК-нің 106-бабы – «абайсызда адам өлтіруге әкеп соғатын ауыр денсаулыққа зиян келтіру» бойынша қозғалған. Кейін ҚР ҚК-нің 99-бабына – «қасақана адам өлтіру» бойынша ауыстырылып, қайта қаралды.