Айсұлтан Сейітовті плагиат жасады деп айыптады: режиссер не дейді?

Танымал америкалық рэпер A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне бейнебаян түсірген қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітовтің басы дауға қалды. Суретші Cache Bunny өз жұмысы рұқсатсыз пайдаланылғанын мәлімдеп, режиссерді плагиат жасады деп айыптады. 

Айсұлтан Сейітовтің Instagram-парақшасынан

Астана, NEGE. Cache Bunny есімді суретші клиптегі бір сахна өзінің бұрынғы жұмысына ұқсайтынын айтып, наразылық білдірді. Оның сөзінше, түпнұсқа видеодағы адамның орнына A$AP Rocky-ді жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен орналастырған. Алайда шөптің суреті мен көлеңкесі өзгеріссіз қалған.

Суретші жоба авторларының тікелей өзімен байланыспағанына қынжылғанын жеткізді. Оның айтуынша, клипті жасауға қатысқан басқа адамдардың еңбегі бағаланып, есімдері титрге енгізілгенімен, өзіне ешкім хабарласпаған.

«Мен A$AP Rocky-ді көптен бері визуалды өнердегі ерекше көзқарасымен бағалап келдім. Сондықтан мұндай жағдайға тап болу маған ауыр тиді. Клипке қатысқан басқа адамдардың еңбегі ақталып, есімдері титрге жазылды. Ал бізге ешкім хабарласқан жоқ. Достарым маған жазып, "не болып жатқанын білесің бе?" деп сұрағанда ғана бұл жағдайдан хабардар болдым», – деп жазды Cache Bunny.

«Бұл менің бастапқы нұсқам емес»

Плагиат туралы айыптаулардан кейін Айсұлтан Сейітов жағдайға қатысты пікір білдірді. Режиссердің айтуынша, көпшілікке ұсынылған видео түпнұсқадан өзгеше.

«Мен және командам бұл бейнебаянға ұзақ уақыт бойы бар күшімізді салдық. Осынша уақыт күткеннен кейін клиптің жарық көргеніне шын жүректен қуандым. Бірақ жарияланған нұсқа біз бастапқыда жасаған клип емес еді. Біз режиссерлік нұсқаны дайындап жатырмыз, оны жақын арада жариялаймыз», – деп жазды режиссер.

Сейітовтің сөзінше, ол клипке рұқсатсыз пайдаланылған бөтен туындының қосылғанын жақында ғана білген.

Оның командасы бастапқы режиссерлік нұсқаны жариялауды жоспарлап отыр. Алайда ол үшін музыкалық лейблдің рұқсатын алу қажет.

ProdCo: клипті бізбен келіспей өзгерткен

Жобаның қосалқы продюсері болған ProdCo компаниясының айтуынша, видео режиссер мен продюсерлік топқа алдын ала ескертілмей жарияланған. Кейіннен олар клипке ЖИ көмегімен өңделген және толығымен жасанды интеллект арқылы жасалған көріністер қосылғанын анықтады.

«Біз бұл жобаға қосалқы продюсер ретінде қомақты қаражат салдық. Сондықтан біздің қатысуымызды, үлесімізді және осы жұмысқа қатысты заңды құқықтарымызды елемей, дайын фильмді түбегейлі өзгерткен шешімдерді қабылдау кезінде бізді мүлде шеттетуге жол беруге болмайды деп есептейміз», – делінген ProdCo мәлімдемесінде.

Компанияның мәліметінше, клиптің титріне жобаны әзірлеуге қатыспаған және материалдар тапсырылған кезде жұмысқа араласпаған тағы бір қосалқы режиссердің есімі енгізілген. Ал ProdCo компаниясының өзі қосалқы продюсер ретінде көрсетілмеген.

Продюсерлік компания Cache Bunny-дің де мүддесін қолдап, оның авторлығын көрсетіп, тиісті қаламақы төлеуге шақырды. Сонымен қатар ProdCo Айсұлтан Сейітов түсірген бастапқы нұсқаны кейін қосылған ЖИ кадрларынсыз жариялауды талап етті.