25 февраля 2026 г. 19:28

Аймағамбетов жаңа Конституция жайлы: Білім мен медицина қолжетімді болып қала береді

Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасындағы қоғамда кең талқыланып жатқан жекелеген баптарды түсіндіріп берді. 

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап ел аралап, қоғамның түрлі топтарымен кездесіп, жаңа Конституцияны талқылауда.

Асхат Аймағамбетов өзі де коалиция мүшесі ретінде бірнеше өңірді аралап қайтқанын атап өтті. Өз сөзінде ол халықты мазалаған тақырыпқа тоқталды.

«Жекелеген азаматтар тарапынан «халықтың білім алу, дәрігер көмегіне жүгіну сияқты әлеуметтік сұранысы, енді тек ақылы түрде болады-мыс» деген жаңсақ, яғни фейк ақпарат айтылуда.

Ал шын мәнінде, Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған, және бола да береді. Бұл Жаңа Конституция жобасында да шегелеп жазылған», – деді депутат.

Білім мен медицина азаматтарымыз үшін ақысыз әрі қолжетімді болып қала береді. Бірақ бұл қызметтер ақысыз деп айтылғанымен, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және болашақта да солай болады, деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар, қолданыстағы Конституцияда жазылған «мемлекеттік» жоғары оқу орындары деген сөзді алып тастау ұсынылған.

«Бұл дұрыс шешім. Неге? Өйткені бүгінгі таңда мемлекеттік гранттар арқылы студенттер тек мемлекеттік қана емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында тегін жоғары білім ала алады. КИМЭП, Мақсут Нәрікбаев Университеті, «Тұран» сияқты университеттер жеке меншік болса да, грантты ұтып алған студенттерімізде сол университеттерде де грантпен оқуға мүмкіндіктері болуы тиіс», – деді депутат.

Осылайша, ұсынылып отырған нормалар, аталған әлеуметтік кепілдіктерді қысқартуға емес, оларды негізгі заңда заманауи әрі нақты түрде бекітуге бағытталған, деп нақтылады ол.