10 декабря 2025 г. 16:05

«Баспасөз хатшылары үлгі алуы тиіс»: журналистер Смадияровты неге ерекше құрметтейді?

Фото: @aibeksmadiyar/Instagram

БАҚ өкілдері сегіз жыл бойы сыртқы істер министрлігінің баспасөз тізгінін ұстаған Айбек Смадияровтың кәсібилігі мен адамгершілігін атап өтіп, қызмет барысындағы жарқын сәттерді еске алды. Сондай-ақ журналистер оған ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдіруде.

Астана, NEGE. Кеше сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров журналистермен өткен брифингте ведомстводағы қызметін аяқтайтынын мәлімдеді. Ол нақты себебін ашып айтпағанымен, бұл шешімді әбден ойланып қабылдағанын айтты. Алдағы уақытта ол еңбек жолын жеке секторда жалғастырмақ.

«Осы мінберге шығып, ресми ақпарат таратып келе жатқаныма да сегіз жыл болыпты. Осы жылдар ішінде бірге жұмыс істедік. Әр брифингтің алдында толқу болатын, өйткені оңай сұрақ та, жеңіл брифинг те болған жоқ. Сіздерге көп рақмет, сіздермен бірге өзім де шыңдалдым. Журналистерді жиі сынға алады, бірақ сіздер әрдайым өз міндеттеріңізге адал болдыңыздар. Сіздермен тығыз әріптестік орнатқаныма қуаныштымын. Байланыс нөмірім өзгермейді, ендігі жолы брифингте емес, бір жерде кофе ішіп отырып кездесерміз», – деді ол журналистерге.

«Айбек өз ведомствосын лайықты деңгейде таныстыра білді»

Журналистер арасында Смадияров ерекше құрметке ие. 

Журналист Жәния Уранқаеваның айтуынша, Айбек Смадияров өзі қызмет атқарған мемлекеттік органның мүддесін қорғап қана қоймай, журналистерге әрдайым ашық әрі нақты ақпарат беріп отырды. Ол өткір сұрақтарға да жауап беруден қашпайтын. Сонымен қатар, апталық брифингтер өткізу дәстүрін енгізді.

«Біз дүйсенбі күні – сыртқы істер министрлігінің, Смадияровтың күні екенін жақсы білетінбіз. Сол күні ол шетелде жүрген қазақстандықтарға қатысты мәселелерді, ел ішінде болып жатқан және сыртқы саясат саласына байланысты барлық үдерістерді міндетті түрде түсіндіріп, жан-жақты пікір білдіретін.

Ол әрдайым журналистердің алдында өз ведомствосын лайықты деңгейде таныстыра білді. Соның нәтижесінде көп жағдайда журналистердің сыртқы істер министрлеріне қоятын сұрақтары да қалмайтын.

Сонымен бірге Айбек журналистермен өте жақсы тіл табыса білді. Адамгершілікке негізделген, сыпайы қарым-қатынас арқылы ақпарат жеткізіп, әріптестердің бірі қателесіп жатса, оны жұмсақ түрде түзеп, дұрыс бағыт көрсете алатын. Мәселен, жағдайға тереңірек үңіліп, кеңірек қарау керегін жиі ескертіп отыратын. Сондықтан ол көптеген журналистер үшін бір жағынан тәлімгер саналды», – деді Уранқаева.

«Басқа баспасөз хатшылары Айбектен үлгі алуы керек»

Журналист ретінде көптеген баспасөз хатшыларымен жұмыс істеген Әселім Әбілдинова Айбек Смадияровтың қызметтен кететініне өкініш білдірді. Оның айтуынша, Айбек – өзіндік стилі бар, коммуникацияны жоғары деңгейде ұйымдастыра білетін маман.

Әдетте министр ауысқанда ведомствоның баспасөз хатшысы да өзгереді. Алайда министрлер Айбектің кәсібилігін әрдайым жоғары бағалап, ауыс-түйіс кезінде оны қызметінде қалдырғанын еске алады.

«Айбек әрбір журналистпен қарым-қатынасты тең ұстайтын, ешкімді алаламайтын баспасөз хатшысы болды. Интеллектуалдық деңгейі жоғары, орнымен айтылған астарлы әзілдерімен адамдарды өзіне тарта білді. «Бар» нәрсені бар деп, «жоқ» нәрсені жоқ деп ашық айта алатын.

Айбек – нағыз кәсіпқой, өте білікті маман, азаматтық ұстанымы берік тұлға. Ол талай министрмен жұмыс істеді, министрлер жиі ауысса да, оның кәсіби деңгейі әрдайым жоғары бағаланды. Жаңа министр келген кезде де Айбектің орнында қалуы – оның өз ісінін терең меңгергенінің дәлелі.

Әрине, оның басқа салаға ауысқаны көңілге қаяу түсіреді. Дегенмен алда Айбекті бұдан да биік белестер күтіп тұрған шығар деп сенемін. Басқа баспасөз хатшылары үшін Айбектің тәжірибесі мен кеңесі үлгі болса екен», – деді Әселім Әбілдинова.

facebook.com

«Айбек – мемлекеттік коммуникациядағы соңғы интеллигент»

Журналист Николай Энелане Айбекті «мемлекеттік коммуникациядағы соңғы интеллигент» деп атап, оның кәсіби біліктілігі мен күрделі жағдайларда сабыр сақтай алуын ерекше бағалады.

«Мен үшін Айбек – жас мамандарға үлгі болатын тұлға. Сыртқы істер министрлігінің оны жіберіп алғаны – үлкен өкініш», – деп жазды ол.

Айбек Смадияровтың қызметі мен жеке қасиеттерін әріптестері мен журналистер жоғары бағалап, қошемет көрсетті. 

Nege.kz редакциясы Айбек Смадияровқа алдағы қызметінде сәттілік тілейді.