29 января 2026 г. 9:37

Айбек Смадияров – Президенттің жаңа баспасөз хатшысы

Фото: gov.kz

Айбек Смадияров Ақордада жаңа қызметке тағайындалды.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының өкімімен Айбек Серікбайұлы Смадияров Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін Президенттің көмекшісі – Президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарған Руслан Желдібай Тоқаевтың жарлығымен лауазымынан босатылды.

Айбек Смадияров 1983 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстандағы Қытай банкі» АҚ Административтік департаментінің маманы ретінде бастаған.

Әр жылдары СІМ-нің Еуропа департаментінде, Қазақстанның Мажарстандағы елшілігінде, Президенттің баспасөз қызметінде, Сыртқы саяси сараптау мен болжамдау комитетінде, Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінде түрлі қызметтер атқарды.

2018-2019 жылдары Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметін басқарып, 2019-2023 жылдар аралығында осы министрліктің Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.

Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болып тағайындалғанға дейін Коммуникациялар департаментінің директоры – ресми өкілі болды.

Ал 2025 жылы 15 желтоқсанда Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Айбек Смадияров II сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.

Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.