«Аяғы шайналып кетті»: Қызылордада ойын-сауық саябағында жас жігіт ауыр жарақат алды

Қызылорда қаласындағы ойын-сауық саябағындағы аттракционға барған жас жігіт екі аяғынан ауыр жарақат алды. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Жарияланым авторының мәлімдеуінше, оқиға «Арай» қалалық саябағында болған.

Видеодан кадр

Астана, NEGE. 18 жастағы жігіт жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген, дәрігерлер оның екі аяғына да ампутация жасауға мәжбүр болған.

«Оған шұғыл түрде операция жасалды. Ота барысында сол аяғы санның жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінен, ал оң аяғы тобық буыны деңгейінен ампутацияланды», – деді облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймаханов.

Дәрігерлер науқастың жағдайы әлі де өте ауыр әрі тұрақсыз екенін айтады.

«Паркте құрбыммен жүрген едім. Айқай-шуды естіп, жүгіріп бардық. Барсақ ол аттракционның астында жатыр, аяғы шайналып кетіпті. Жағдайы хәл үстінде деп топтастары, туыстары жазып отыр. Сол жердегі адамдар көмектесті. Парк басшыларынан қандай да бір көмек болғанын білмеймін, керісінше, видеоны әлеуметтік желіге жариялағаным үшін қысым көрсетіп отыр», – деп келтіреді Baq.kz басылымы оқиға куәгерінің сөзін.

Қызылорда облыстық полиция қызметі абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқтырған еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Қазіргі уақытта іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында.