Автошеру мен жалған келісімшарттар: Санжар Боқаевқа қандай айып тағылған?

Алматыда қоғам белсендісі, «ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сот отырысында прокурор айыптау актісін жариялап, Боқаев пен өзге де айыпталушылардың кәсіподақ қаражатын қалай жымқырғаны туралы тергеу нұсқасын баяндады.

Фото: instagram.com/sanzhar_bokayev

Астана, NEGE. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Боқаевқа алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылған.

Айыптау актісінде баяндалған эпизодтардың бірі «ҚазТрансГаз» кәсіподағының қаражатына қатысты.

Прокуратураның нұсқасы қандай?

Айыптау тарапының мәліметінше, Боқаев компания басшысының кеңесшісі болып жүргенде кәсіподақ арқылы қаражат жымқыру схемасын ұйымдастырған. Прокурор мұны кәсіподақтың тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу рәсімдерінсіз алу мүмкіндігімен байланыстырды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев кәсіподаққа іс-шараларды ұйымдастыру үшін «BM Trust» ЖШС-імен жұмыс істеуді ұсынған. Айыптау тарапы бұл компанияны Боқаевтың өзі бақылағанын, ал оның туысы Мадияр Қалменовтің атына рәсімделгенін мәлімдеді. Қалменов те осы іс бойынша айыпталушылардың қатарында.

Прокурордың айтуынша, бастапқыда компания бірнеше корпоративтік іс-шара өткізген. Кейін кәсіподақ басшылығы ұсынылған шығындарды мұқият тексермейтінін байқаған Боқаев осы жағдайды пайдаланды деп айыпталып отыр.

Автошеруге бөлінген ақша қайда кеткен?

Айыптау актісіне сәйкес, 2018 жылдың күзінде Батыс Қытай мен Батыс Еуропа арасындағы халықаралық автошеруді ұйымдастыруға 86,8 млн теңге қарастырылған.

Іс-шараны өткізу үшін екі компаниямен келісімшарт жасалған:

  • «We Can» ЖШС – 38,9 млн теңге;
  • «BM Trust» ЖШС – 47,9 млн теңге.

Прокуратураның мәліметінше, автошеруді іс жүзінде «We Can» компаниясы ұйымдастырған. Ал «BM Trust» ешқандай жұмыс атқармаса да, қаражат алған.

Сондай-ақ айыптау тарапы Боқаев «We Can» компаниясын ақшаның бір бөлігін өзі көрсеткен тұлғалардың есепшоттарына аударуға мәжбүрледі деп мәлімдеді. Олардың арасында Боқаевтың анасының атына тіркелген «Kun-Arai» компаниясы мен Мадияр Қалменов болған.

Жымқырылды делінген қаражат қалай жұмсалған?

Прокурордың айтуынша, кәсіподақтан алынған ақша кейін Боқаевтың жиһаз өндірісімен айналысатын бизнесіне жұмсалған.

Атап айтқанда, Астанадағы өндірістік орындар мен кеңселерді жалдауға, жабдықтар мен компьютерлер сатып алуға, бухгалтерлік қызметке, күзет пен жарнамаға төлем жасалған. Айыптау тарапы осындай 19 банк операциясы жүргізілгенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, тергеу нұсқасына сәйкес, Қалменов шамамен 10 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Қаражаттың бір бөлігі әуе билеттері мен қонақүйлерге жұмсалған.

Прокуратура осы әрекеттердің салдарынан кәсіподаққа 42 млн теңгеден астам шығын келтірілген деп есептейді.

Қорғау тарапының ұстанымы

Боқаевтың адвокаттары сот процесінің өту тәртібіне қатысты қарсылық білдірген. Атап айтқанда, қорғаушы Айман Омарованың сот отырысына қатысуына байланысты мәселе көтеріліп, судьяға қарсылық білдіру туралы өтініш берілген. Алайда бұл өтініш қанағаттандырылмаған.