Автогазға кезек: министрлік Маңғыстау мен Атыраудағы жағдайды түсіндірді
Еліміздің батыс өңірлерінде автогазға қатысты мәселе қайта көтерілді. Әлеуметтік желілерде Маңғыстау және Атырау облыстарындағы автогаз құю бекеттерінде кезек пайда болғаны туралы ақпарат тарады.
Астана, NEGE. Бұл жағдайға қатысты Энергетика министрлігі түсініктеме берді.
Ведомствоның хабарлауынша, Маңғыстау және Атырау облыстарына сұйытылған мұнай газы тұрақты жеткізіліп жатыр. Министрлік бұл өңірлерге жіберілген газ көлемі ай сайынғы қажеттіліктен көп екенін мәлімдеді.
«Ел ішіндегі тұтынушылар отыннан тарықпайды. Жағдай Энергетика министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің бақылауында», – деп хабарлады министрлік.
Маңғыстау облысы бойынша әкімдік маусым айына 18 мың тонна газ қажет екенін көрсеткен. Ал Энергетика министрлігі өңірге 19,5 мың тонна сұйытылған мұнай газын бөлген. Бұдан бөлек, сұраныстың артуына байланысты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ресурстарынан қосымша 1,5 мың тонна газ қарастырылған.
Министрлік бұл көлем өңірдегі автокөліктер мен транзиттік көліктерді қамтамасыз етуге жеткілікті екенін хабарлады. Газды тиеп-жөнелту жұмыстары күн сайын жалғасып жатыр.
Атырау облысының есептік қажеттілігі 9 мың тоннаны құрайды. Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы профилактикалық жөндеуге тоқтағандықтан, министрлік жеткізу бағыттарын алдын ала қайта қарап, өңірге резервтік көлемдер жіберген. Нәтижесінде маусым айында Атырау облысына 11,6 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газы бөлінген.
Ведомствоның хабарлауынша, қажеттіліктен тыс бөлінген 2,5 мың тоннадан астам қосымша көлем Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуде тұрған кезеңде автокөлік иелерінің сұранысын өтеуге мүмкіндік береді.
Министрлік жергілікті уақытша іркілістердің Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіру көлемінің төмендеуімен байланысты екені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, кен орнындағы жоспарлы жұмыстар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге кері әсер етпейді.