30 января 2026 г. 10:05

«Автобус парктерінен пара алған»: ШҚО-да шенеунік қамауға алынды

Фото: Видеодан кадр/ҰКҚ

ҰҚК Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана, NEGE. ҰҚК мәліметінше, басқарма басшысы жол құрылыс компаниялары және автобус парктері өкілдерінен 134 млн теңге сомасында заңсыз сыйақы алғаны анықталған.

«Тінту барысында басқарма басшысының тұрғын үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың АҚШ доллары тәркіленді», – делінген ресми ақпаратта.

Сондай-ақ осы өңірдегі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

«Ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақшалай қаражат алған», – деп хабарлады ҰҚК өкілдері.

Сот санкциясымен екі шенеунік те қамауға алынған.