Авиаотын бағасын негізсіз көтерген: Тараз әуежайына айыппұл салынды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, Тараздағы «Әулие-Ата» халықаралық әуежайын тексеру кезінде авиаотынды монополиялық жоғары бағаға өткізгені анықталған.

dmb.aero/kz

Астана, NEGE. Әуежай тергеп-тексеру нәтижелерімен келіспей, оны бірінші және екінші сатыдағы соттар арқылы даулаған. Дегенмен облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы тергеп-тексеру нәтижелері заңды және негізді деп таныған. Ақыр соңында әуежай өкілдері сотта өз кінәсін мойындаған.

«Кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 3,2 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды және монополиялық қызметті іске асыру нәтижесінде алынған 25,2 млн теңге мөлшеріндегі монополиялық кіріс тәркіленді», – делінген ресми хабарламада.

Бұған қоса монополияға қарсы орган компанияға бәсекелестікті қорғау саласындағы бұзушылықтарды тоқтату жөнінде нұсқама берді. Нұсқама бойынша әуежай өкілдері бұрынғыдан арзан баға белгілеуі тиіс.