19 февраля 2026 г. 12:16

Авиаотын бағасын көтерген: Семей әуежайына 8,8 млн теңге айыппұл салынды

Фото: instagram.com/abai_international_airport

Бұл жөнінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.

Астана, NEGE. Ведомствоның өңірлік департаменті «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС-ны тексеру барысында кәсіпорынның бөлшек саудада авиаотынға жоғары баға белгілегенін және үстем жағдайын теріс пайдаланғанын анықтаған.

«Семей қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ЖШС кінәлі деп танылып, 8,8 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, сондай-ақ монополистік қызмет нәтижесінде алынған 8,5 млн теңге көлеміндегі монополиялық кіріс тәркіленді», – делінген БҚДА хабарламасында.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Сондай-ақ департамент бұзушылықтарды тоқтату туралы нұсқама берген. Кәсіпорын нұсқаманы толық орындаған.