«Ауылдағы интернет пен қазақстандықтарға арналған ЖИ»: «Әділет» партиясы неге өзін «цифрлы партия» деп көрсетеді

Құрылтай сайлауына қатысып жатқан «Әділет» партиясы қазірдің өзінде «ең цифрлы» партия деген теңеуге ие болып жатыр. Бір жағынан, партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының жеке бір блогы цифрлы трансформацияға арналса, екінші жағынан, партияның Құрылтай депутаттығына ұсынған кандидаттары арасында IT мен жаңа технологияның жілігін шағып, майын ішкендер аз емес.

сұхбаттан үзінді

Астана, NEGE. Осы ретте, депутаттыққа кандидат Нұрбек Мәтжани «ADAL ADAM» YouTube-арнасына сұхбат бере отырып, «Әділет» неге өзін «цифрлы партия» ретінде көрсететіні және партияның осы бағыттағы саясаты туралы әңгімелеп берді. 

«Әділет» өзін цифрлық партия деп айтуы жай сөз емес. Партияны тіркеу кезеңінде қол онлайн жиналды. Адамдардың партияға кіру процесін мейлінше жеңілдеттік. Партия тіркеуден өткеннен кейін мүшелер де, олардың ұсынысы да онлайн қабылданды. Болашақта біз партия жұмысына жасанды интеллект шешімдерін қосамыз», – дейді Нұрбек Мәтжани.

Жалпы, ең алдымен «партияның сайлауалды бағдарламасының артықшылығы неде?» деген сұраққа жауап бере келе, ол партия адам әлеуетін дамыту, энергетика мен инфрақұрылым, өңірлер арасындағы теңсіздікті жоюға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, партияның басты бағыты – Қазақстандағы цифрлық саясаттың болашағы екенін айтып, нақты мысалдармен жауап берді. 

Нұрбек Мәтжани Президенттің де жасанды интеллект, цифрландыру мәселесін жиі айтып, жеке министрліктің құрылуы мемлекеттің фокусы қай салада екенін анық көрсетеді дейді.

«Партия ретінде біз де шетте қала алмаймыз. Сондықтан, алдымызға 5 млн адамды оқыту мақсатын қойып отырмыз. Біздің сайтымызда осы мақсаттың қалай жүзеге асатыны және қандай нәтиже беретіні анық жазылған. Оның ішінде, біз өңірлерге аса назар аударып отырмыз. Ауылдарға интернет тарту көрсеткішін 97 пайызға жеткізгіміз келеді. Бұл жерде негізгі фокус ауыл тұрғындарына, өңірлерге жасалған», – деді ол.

Осы мәселеге қатысты сөзін түйіндеген кандидат әлемде екі тенденция қалыптасқанын атап өтті.

«Әлем жаппай жасанды интеллект бағытына бұрылып жатыр. Осы орайда екі ұстаным пайда болды. Бірі қолдайды, бірі артқа тартады деп ойлайды. Біздің партия бірінші ұстанымда. Еңбек нарығына жасанды интеллектіні кіріктіруді қолдап, оған қарай бейімделу керек деп ойлаймыз», – деді Мәтжани. 

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы бірінші ұлттық теледебат кезінде «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаты Ренат Бектұров та партияның цифрлы шешімдері туралы толық айтып берген. Әсіресе, ол мемлекеттік қызметтегі жасанды интеллектінің дамуы Қазақстандағы шенеуніктерді жұмыссыз қалдыра ма деген сұраққа былай деп жауап берген еді. 

«Жасанды интеллектінің өмірімізге, соның ішінде мемлекеттік қызметтерге кіруінен қорықпау керек. Өйткені, оның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметті тиімді алуына жағдай жасау. Сонымен қатар мемлекеттің барлығымыздың өмірімізге әсер ететін шешімдерін аналитикалық тұрғыда тез қабылдауына жол ашады. Ал, содан кейін жұмыссыз мемлекеттік қызметкерлер көбейді ме? Көбейген жоқ. Керісінше, қазір Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бар. Талай министрліктерде цифрландыру бойынша вице-министр бар. Мемлекеттік қызметтің өзінде де осындай жаңа жұмыстар пайда болды. Бірақ ең маңыздысы – мұның бәрі біздің азаматтарға ыңғайлы», – деген еді Бектұров. 

Айта кетейік, кандидат Нұрбек Мәтжани мен Бекжан Әлімқұлдың «ADAL ADAM» YouTube-арнасына берген сұхбатының толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар. 

Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.