9 июня 2025 г. 12:41

Ауыл шаруашылығы министрлігі Бурабайдағы жер телімдеріне қатысты Маржықпаевпен дауласып жатыр

Фото: Үкімет

Ақмола облысында «Бурабай» ұлттық паркіндегі жер теліміне қатысты сот дауы өршіп тұр. Өңірдің жер ресурстарын басқару департаменті Болат Боранбайұлы Маржықпаевқа, кәсіпкер Майра Нұртуринаға және Бурабай ауданының жер қатынастары бөліміне қарсы талап-арыз түсірген. Бұған ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жер телімдерін беру кезіндегі заңбұзушылықтар себеп болып отыр. 

«Бұл талап-арыз Ақмола облысының прокуратурасының 2024 жылғы 24 тамызда берген ұсынысының негізінде түсірілді.. Ұсыныста «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жер телімдерінің заңды жолмен берілген-берілмегені жөнінде мәселе көтерілген», – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков NEGE порталының ресми сауалына берген жауабында. 

Аталған талап арыз аясында келесі мәселелер қаралуда:

– 2004 жылғы 29 қарашада Щучинск ауданының әкімі мен Болат Боранбайұлы Маржықпаевтың арасында жасалған №720 сатып алу-сату шарты;

–  2008 жылғы 1 қазанда Болат Боранбайұлы Маржықпаев пен Майра Қадіржанқызы Нұртурина арасында жасалған №13827 сатып алу-сату шарты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер кодексінің 122-бабына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жер телімдері халықтың меншігі болып саналатынын және олар ешқандай жағдайда жеке меншікке берілмеуі тиіс екенін еске салды. Оларды басқа санатқа тек ерекше жағдайларда ғана ауыстыруға болады — мысалы, резервтік (қордағы) жерлерге. Алайда бұл үшін үкіметтің белгіленген тәртіппен қабылдаған шешімі қажет, сонымен қатар міндетті түрде мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болуы тиіс. Бұл жағдайда аталған екі талап та орындалмаған.

«Бұл жағдайға қатысты үкіметтің шешімі мен экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жоқ. Қазақстанның Азаматтық кодексінің 158-бабының бірінші тармағына сәйкес, заң талаптарына сай келмейтін мәміле жарамсыз деп саналады. Сонымен қатар құқықтық тәртіптің негіздеріне әдейі қайшы мақсатпен жасалған мәміле даулы мәміле болып есептеледі және егер Кодексте немесе басқа да заңнамалық актілерде өзгеше көрсетілмесе, сот арқылы жарамсыз деп танылуы мүмкін», – деп түйіндеді вице-министр.

2019-2023 жылдар аралығында Ермек Боранбайұлы Ақмола облысының әкімі қызметін атқарған, одан кейін бір жыл туризм және спорт министрі болып жұмыс істеді, ал қазір премьер-министрдің кеңесшісі ретінде қызмет атқарып отыр.

Shishkin_like Telegram каналының жазуынша, Болат Маржықпаев 2009 жылдан 2015 жылға дейін «Береке-Бурабай» ЖШС-нің құрылтайшысы болған. Бұл компанияға Бурабайдағы бірнеше қонақ үй тиесілі:

– «Grand Hotel Burabay» және «Алем Плюс» – Бурабай көлі жағалауында орналасқан;
– «Нұрсат» және «Інжу» қонақ үйлері – Бурабай кентінің орталығында орналасқан;
– «Береке» санаториясы.

 «Береке-Бурабай» ЖШС-ны 1995 жылдан 2008 жылға дейін Ермек Маржықпаев басқарған, ал 2015 жылдан бері жұбайы басқарып келеді.