Ауғанстанда халық тәліптерге қарсы шеруге шықты
Ауғанстанда жүздеген адам көшеге шықты.
Алматы, NEGE. Ауғанстанның өзінде де жүздеген адам көшеге шығып, тәліптердің билігіне қарсы наразылық білдірді. Тәліптер шеруді күштеп таратты. Жергілікті телеарнаның бір тілшісі жарақат алып, оның операторы соққыға жығылған.
Тәліптер билікке келгелі Ауғанстан әйелдері зәбір көре бастағанын айтып отыр. Мемлекеттік мекемелер мен сауда ұйымдарында жұмыс істейтін қыз-келіншектер қызметін жалғастыра алмай нәпақасынан айырылды. Осыған орай өткен аптада ауған әйелдері бірнеше қалада көшеге шықты. Қолдарына плакат ұстап, ұрандатқан белсенділер, әйелдерге жұмыс істеу құқығын беру мен қыз-келіншектерді жаңа үкімет құрамына қосуды талап етті. Оларды тарату үшін тәліптер әуеге оқ атып, көз ашытатын газ шашты.