Ауғанстанда әйелдерге діни киімсіз ауруханаларға кіруге тыйым салынды

Ауғанстанды басқарып отырған «Талибан» билігі әйелдерге паранджа кимей мемлекеттік мекемелерге кіруге тыйым салды. 8am.media басылымының дерегінше, бұл талап ауруханаларға баруға да қатысты болмақ. 

8am.media

Астана, NEGE. Жаңа талап бойынша, паранджа кимеген әйелдерді АХАЖ (азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасы), Білім министрлігі мен Түрме басқармасына кіргізбейді.

Сондай-ақ Герат провинциясында кемінде 50 жергілікті әйелдің діни киімсіз өңірлік білім басқармасына кіруге тыйым салынғанына шағымданғаны хабарланды.

БАҚ жазуынша, талибтердің жаңа талабы елдің бірнеше провинциясында қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. Оның мақсаты – әйелдерге діни киім киюді міндеттеу.

Бұдан бөлек, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының қызметкерлері растағандай, Талибан билігінің нұсқауымен әйелдерге ашық жүзбен ауруханаларға баруға тыйым салынған. Сонымен қатар билік дәрігерлерге паранджасыз немесе ер адамның ертуінсіз келген әйелдерге медициналық көмек көрсетпеу туралы ескерткен.

Мысал ретінде Герат қаласының 68 жастағы тұрғынының оқиғасы келтіріледі. Әйелге қанның қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Жасына және ауыр науқасына қарамастан, аурухананы күзетіп тұрған талибтер оны дәрігерлерге кіргізбеген. Туыстарының айтуынша, олар клиника қақпасының алдында екі сағаттан астам тұрған. Тек көршілерінен паранджа сұрап алғаннан кейін ғана науқасқа медициналық мекемеге кіруге рұқсат берілген.

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты