Әуедегі апаттар: Соңғы 3 жылдағы 9 оқиға
Қазақстанда әуе апаттары жиілеп кеткендей көрінеді. Санаулы жылдың ішінде ұшақ және тікұшақ апаттарынан көптеген адам көз жұмды. Құдай қағып, кейбір оқиғаларда адам шығыны болған жоқ. «Nege.kz» тілшісі соңғы 3 жылдағы 9 оқиғаны тізіп шықты.
2017 жыл
26 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында жекеменшік «Стрекоза 7-Gazelle SA341» тікұшағы жоғалып кетіп, Аягөз қаласынан солтүстік батысқа қарай 60 шақырым жерден табылды. Ұшқыш көз жұмған.
27 шілде күні таңертең Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылының маңында жүгері алқабын өңдеп жүрген Як-12 ұшағы құлап, өртеніп кетті. Ұшақта екі адам болған, екеуі де қаза болды.
10 тамызда сағат 09.50 шамасында оқу-жаттығу тапсырмасын орындап жүрген Азаматтық авияцияның «Технам 2020» ұшағы апатқа ұшырады.
Ұшақ Азем аэродромынан 2 шақырым жерге құлаған. Ұшқыш-инструктор мен курсант қаза тапты.
Ал 25 тамызда жеңілмоторлы ұшақ Балқаш ауданында құлады. Жамбасы сынып, басынан жарақат алған жолаушы Орынғали Зикербаев аман қалғанымен, ұшқыш көз жұмды.
31 тамызда Ақтөбе облысының Шалқар ауданында «Евразия-Эйр» компаниясына тиесілі МИ-8 тікұшағы дұрыс қона алмай, апатқа ұшырады.
Құдай қаққанда бір жолаушы мен экипаж мүшесі аман қалды.
2018 жыл
20 ақпан күні Bek Air компаниясының Алматыдан Атырауға ұшып шыққан жолаушылар ұшағынан ақау шығып, Тараз қаласының әуежайына апатты жағдайда қонды. Себебі ұшақтың үрлеу жүйесінен ақау шыққан. Командир ұшақты қауіпсіз деңгейге дейін төмендетіп, Атырау қашық болғандықтан, Таразға қондыруға шешім қабылдаған. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
26 шілде күні Алматы әуежайында SCAT әуе компаниясының ұшағы қонуға жақындағанда артқы бөлігі жерге тиіп кеткен. Хургада - Алматы бағытындағы 5038 рейстегі ұшақ мұндай тосын жағдайға екінші айналым жасау кезінде тап болған. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
2019 жыл
27 наурызда Қызылорда облысының Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі белгісіз себептермен құлап, түгі қалмай жанып кеткен. Әскери тікұшақтың бортында 13 адам болды, олардың барлығы қаза тапты.
3 мамыр күні SCAT әуе компаниясының ұшағы елорданың әуежайына апатты жағдайда қонды. Себебі жоғарғы эшелонда саңылау пайда болған.
Ұшақ бортында экипаждың бес мүшесі мен 42 жолаушы бар еді. Лайнер апатты жағдайда қонғаннан кейін ұшқыштардың бірі ауруханаға түскен.
27 желтоқсан күні таңғы сағат 07:22 шамасанда Bek Air компаниясының Алматыдан Астанаға қатынайтын Fokker 100 жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кетті. Ұшақ Алматы облысынң Талғар ауданының аумағына құлаған. Соңғы деректер бойынша 14 адам оқиға орнында қаза тапса, бір жолаушы ауруханада көз жұмған...
Nege.kz