«Аудитория әлі есеймеген»: Баян Алагөзова ашаршылық туралы фильмге қатысты пікір білдірді

Продюсер Баян Алагөзова режиссер Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильміне көрерменнің аз жиналуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақстандық аудитория мұндай киноны қабылдауға әлі дайын емес.

instagram.com/bayanmaxatkyzy

Астана, NEGE. Жуырда Ақан Сатаев ашаршылық туралы «Күлпәш» фильмін көрермен назарына ұсынды. Дегенмен кей кинотеатрларда фильмге қызығушылық танытқандар аз.

Мәселен, режиссер Атыраудағы Infinity Mall сауда орталығында өткен көрсетілімге өзі барған. Алайда кинотеатр залында небәрі он көрермен отырған. Бұл жағдайға продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде пікір білдірді.

Оның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын өзі де ашаршылық тақырыбында фильм түсірген. Бірақ туындыны үлкен экранға шығаруға тәуекел етпеген.

«Үш жыл бұрын командамыз ашаршылық туралы фильм түсірді. Оны прокатқа шығарамыз деп те ойламадым. Ақан батылырақ болып, көрерменге үлкен сенім артты. Аудиториямыздың есейіп, көзқарасы қалыптасуы үшін әлі уақыт керек деп ойлаймын», – деп жазды Баян Алагөзова Instagram желісінде.

Продюсер отандық кино нарығында жеңіл комедияларға сұраныс жоғары екенін де атап өтті. Оның пікірінше, көрермен ұлттық трагедия мен тарихи шындықты баяндайтын фильмдерден гөрі көңіл көтеретін туындыларды жиі таңдайды.

Алайда Алагөзованың пікірімен әлеуметтік желі қолданушыларының бәрі бірдей келіспеді. Кейбірі «Күлпәштің» жарнамасы жеткіліксіз болғанын алға тартты. 

Айта кетейік, Бейімбет Майлиннің аттас әңгімесі негізінде түсірілген «Күлпәш» фильмі 19 қарашада прокатқа шықты. Бастапқыда 10 қарашаға жоспарланған премьера фильмнің міндетті прокат алдындағы сараптамадан өтпеуіне байланысты кейінге шегерілген.

Sataifilm продюсері Марьям Сатаеваның айтуынша, прокат куәлігін беретін комиссия фильмнің соңындағы ашаршылық құрбандары туралы титрларды алып тастауды сұраған.