Ауа райы болжамы: Қар жаууы мүмкін
«Қазгидромет» РМК 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады.
Алматы, NEGE. Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде күн бұлтты болады. Петропавл мен Қостанайда – жауын-шашынсыз, ауа температурасы түнде 1… 4°С, күндіз 5… 13°С шамасында. Көкшетауда түнде және таңертең жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, күндіз 7… 9°С. Павлодарда жаңбыр күтіледі, сынап бағаны 9… 11°С-қа жетеді. Астанада түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз жел күшейеді, ауа 10… 12°С болады.
Орталықта – Қарағанды мен Жезқазғанда ауа райы құбылмалы. Қарағандыда таңертең және күндіз жаңбыр жауады, күндіз 15… 17°С. Жезқазғанда жауын-шашынсыз, 17… 19°С.
Шығыс өңірлерінде, яғни Өскемен мен Семейде жаңбырсыз ашық күн болады, температура күндіз 22… 27°С-қа дейін көтеріледі.
Батыста бұлтты ауа райы сақталады. Оралда күндіз аздаған жаңбыр жаууы мүмкін, түнде 3… 5°С, күндіз 13… 15°С. Атырауда жауын-шашынсыз, түнде және таңертең тұман түседі, күндіз 16… 18°С. Ақтөбе мен Ақтауда да күн ашық, ауа температурасы түнде 0… 10°С аралығында, күндіз 13… 18°С.
Оңтүстік өңірлерде жылы әрі жауын-шашынсыз күн күтіледі. Таразда 28… 30°С, Шымкент пен Түркістанда 29… 31°С, Қызылордада 24… 26°С.
Ал Қонаев, Талдықорған және Алматы қалаларында да күн ашық, ауа температурасы күндіз 25… 29°С, түнде 5… 16°С аралығында болады.