Атырауда Тәуелсіздік күні қарсаңында 150-дей отбасы баспаналы болды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау қаласының Береке шағын ауданда салынған үйлердің пәтер кілттері табыс етілді. Іс-шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Атырау, NEGE. 144 пәтер «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған көп қабатты тұрғын үйден берілді. Баспаналы болғандардың басым көпшілігі мемлекет қамқорлығы санатына жататын аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жетім балалар.
Жыл басынан бері кезекте тұрған 363 отбасы жаңа қонысқа ие болған. Бұның сыртында апатты үйлер мен жатақханаларда тұратын 481 отбасы да баспаналы болған.
Сондай-ақ, биыл қауіпті жағдайдағы 10 үйдің тұрғындары пәтерлі болып, Қарабатан елді-мекеніндегі 24 отбасы Жұлдыз ықшам ауданындағы жаңа үйлерге көшірілгенін де айта кетеу керек.
Осылайша жыл басынан бері мыңға жуық атыраулық баспаналы болды. Ал жыл соңына дейін апатты үйлер мен жатақхана тұрғындарына тағы да 332 пәтер беріледі деп жоспарланып отыр.