Атырауда психотроптық препараттарды сатушылар ұсталды
Атырауда 16-20 қарашада «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды ATPress.kz.
Алматы, NEGE. Жедел алдын алу шарасы аясында нашақорлар арасында сұранысқа ие психотроптық дәрілік препараттарды заңсыз сатумен айналысқан үш азамат ұсталып, 240 пластина «трамадол» және 18 құты «тропикамид» дәрілері тәркіленді.
- Жедел алдын алу іс-шарасы барысында емдеу-профилактикалық және өз қызметтерінде психотроптық заттар мен прекурсорларды (белгілі мақсаттағы зат алу реакциясына қатысатын зат) қолданатын мекемелер тексерілді. Басты назар есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды қолдану, сақтау және пайдалану ережелерін бұзушылықтарды анықтауға қойылды, – деп атап өтті полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев.
Жедел шара қортындысы бойынша ҚР ҚК 296 (2-бөлігі) және 297 (1 және 3-бөліктері) баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Одан бөлек 4 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, қатысы бар тұлғаларды (оның ішінде 1 медицина қызметкері) жауапкершілікке тарту үшін жинақталған құжаттар Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.
Айта кетейік облыс аумағында 30-дан астам денсаулық сақтау нысаны және өз қызметтерінде психотроптық заттар мен прекурсорларды қолданатын 20-дан астам мекеме бар.